Балқаш ауданында күріш ору науқаны қарқынды жүруде. Аудандағы 28 мың гектар суармалы жердің 7700 гектарына ақ маржан егілген. Бүгінде 5268 гектар жер орылып, 4526 гектар алқапта бастыру жұмысы аяқталған. Ала жаздай тынымсыз еңбек еткен шаруалар әр гектардан орта есеппен 42 центнер өнім алуда. Жалпы 18 мың тоннадан астам күріш қамбаға жеткізілді.
Ауданда 34 тауар өндіруші шаруашылық тіркелген. Олар көктемгі дала жұмысына – 409 тонна, ал күзгі науқанға 143 тонна дизель отынына өтінім беріп, сұраныс қажетті көлемде қамтамасыз етілген.
– Күріштің шамамен 60 пайызы жиналып болды. Қалған алқап қараша айында толықтай орылып, бастырылып бітеді деп күтілуде. Биыл Іле өзенінен секундына 750 текше метр су алынды. Су тапшылығы мәселесі туындаған жоқ. Науқан жоспарға сай жүріп жатыр, – деді Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов.
Әбіш Бірлікбаев басшылық ететін шаруашылық биыл 1200 гектар жерге күріш еккен. Оның айтуынша, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, өнім көлемі көңіл қуантады.
– Жаңбыр жұмысқа біраз кедергі келтірді. Орылған егін уақытында кеппей, жұмыстың қарқыны баяулаған күндер болды. Бірақ қазір күн ашылып, қызу жұмысқа қайта кірістік. Әр гектардан 60 центнердей өнім алып жатырмыз. Алқапта 40-қа жуық адам, 10 техника тынымсыз жұмыс істеуде. Ауа райы жайлы болып, өнімді шығынсыз жинап алсақ деген ниетіміз бар, – деді ол.
Егін орылғаннан кейінгі күріш сабаны да кәдеге жарауда. Шаруалар оны мал азығы немесе органикалық тыңайтқыш ретінде пайдалануда. Осылайша шаруалар дала төсінде өнімнің бір талын да шашау шығармай жинап, қамбаларын мол астыққа толтыруда.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА
Балқаш ауданы