Аграрлы аймақ саналатын Жамбыл ауданында ауылдың тыныс-тіршілігіне дем беріп жүрген маман иелері баршылық. Солардың бірі – Еділ Болатқұлов. Ол мал дәрігері болып жұмыс істейді.
Бұл мамандықтың халық денсаулығын қорғауда маңызы үлкен. Жануарлар арасында болатын жұқпалы ауруларға адам баласы ерте кезден-ақ көңіл аударып, аурудың белгілерін, таралу заңдылықтарын зерттеген. Нәтижесінде аурумен күресу шараларын тапқан. Кейбір жұқпалы аурулардың адам мен малға ортақ болуына байланысты індеттің таралуын бірге қарастыруға тура келеді. Сондықтан медицина мен ветеринария бір-бірімен тікелей байланысты. Бұл Еділ Болатқұлов сияқты білікті мамандардың еңбегінің адам денсаулығы үшін аса маңызды екенін білдіреді. Өз мамандығы жөнінде ол: «Ветеринарлық саланың негізгі міндеті – аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу. Оны диагностикалау, малдан алынатын тамақ өнімдері мен шикізаттың адам өміріне қауіпсіздігін қамтамасыз ету», – дейді.
Бұл мамандық иелеріне жүктелер жауапкершілік зор. Ел арасында олардың абырой-беделі де артып келеді. Мемлекет басшысы биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы – адал еңбек иелеріне көрсетілген зор құрметтің белгісі. Қалтқысыз қызметімен жұртшылық алғысына бөленіп жүрген Еділ Бекболатұлы сондай құрметке лайық жанның бірі. Оның білімі мен тәжірибесі жастарға үлгі боларлықтай.
Жалпы мал дәрігерлерін ауыл тұрғындарының денсаулығына да, әл-ауқатына да тікелей ықпал ететін маңызды кәсіп иесі деуге болады. Себебі олар малға вакцина егу арқылы халықтың жұқпалы аурудан сақтануы, тұтынатын тағамының сапалы болуы үшін жұмыс істейді. Тұрғындардың тұрмыстық жағдайына да тигізер әсері жоқ емес. Өйткені мал шаруашылығы көпшіліктің күнкөріс көзі болып отыр. Төрт түлікті өсіріп, сатып, одан табыс табады. Сондықтан Еділдей азаматтардың күнделікті еңбегі ауылдың тыныс-тіршілігіне дем беріп тұрғандай көрінеді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы