Тіл – қоғамдық құбылыс. Ол әлеуметке қызмет етеді, яғни белгілі бір қоғам мүшелерінің өзара пікір алмасып, қарым-қатынас құруы үшін қолданылады. Тиісінше, адамдар жоқ жерде тіл де жоқ. Қоғамның дамуы мен адамзат тарихының өркендеу жолындағы өзгерістермен қатар тіл де әрдайым түрленіп, уақыт талабына сай толығып, үнемі жаңарып отырады. Ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан бұл процесті интернеттің жалпыға қолжетімді болуы әлдеқайда тездетіп, тым жылдамдатып жібергендей.
Өйткені интернет кең қолданысқа ие болмай тұрғанда ақпарат көпшілікке кітап пен газет-журнал, радио мен теледидар арқылы таралды. Ал оның барлығы филология, журналистика саласы мамандарының сүзгісінен өтіп, тілдің тазалығы, грамматика мен стилистика заңдылықтары сақтала отырып жарияланатын. Ғаламтор бұл «тәртіпті» бұзып, бар «билікті» әлеуметтік желі қолданушыларының қолына ұстата салды. Ендігіде интернет пайдаланушы кез келген жан бұрынғы жазушы мен журналистің, филолог пен корректордың көмегінсіз, ақпарат айдынында кеңінен көсілетін болды. Бұл, әрине, пікір еркіндігіне, жаңалықтың жылдам таралуына жол ашты. Оны тиынның оң беті – жақсы тұсы десек, тиынның екінші жағы – жалған ақпараттың жариялануы, сауатсыздықтың белең алуы деген мәселелер пайда болды.
Әлеуметтік желіде пост салып, пікір жазып отырған жұрт «жауапкершілік» деген ұғымды ұмытқандай. Өйткені көбіне оқырман алдындағы жауапсыздық, ана тілі алдындағы жауапсыздық қана байқалады. Сондай салғырттық сауатсыздықты тудырып, оны, яғни сауатсыздықты өзіміз-ақ желіде жаппай жарнамалап жатырмыз. Олай дейтінім, пост пен пікірдің қатесіз жазылуын қадағалап отырған ешкім жоқ. Ол мүмкін де емес секілді. Үсті-үстіне төпелеп пікір қалдырамыз. Қате бәрінен табылады. Кез келген бір посттың астындағы пікірлерді оқығанда «Мына адамдар мектепке барған ба?» деген сауал еріксіз ойға оралады. Иә, ол адамдар мектепке барған, қазақ тілін де оқыған да шығар, бірақ олар «желі тілін» жетік меңгеріп алған.
Өкініштісі, соңғы уақытта осындай, «желі тілі» деген жаңа сөз қорымызға қосылды. Ол – мессенжерлер мен әлеуметтік желілерде жылдам, жеңіл пікір алмасу үшін қолданылатын жасанды тіл. Ол тіл орфография мен орфоэпияны, грамматика мен стилистиканы білмейді, тыныс белгілеріне де аса қажеттілік жоқ. Мұнда көркем, әдеби тіл туралы айту артық. Тым қарабайыр, салмақсыз сөздер мен тұрпайы тіркестер ғана. Өйткені ғаламтор тілі – пернетақтамен айтар ойыңды барынша тез жеткізуге жаралған. Оның басты ерекшелігі де осында. Сондықтан сөздің майын тамызып, мың құбылтып, бай сөздік қорымызды кеңінен қолдану келместе қалған.
Ендеше, желі тілінің сиқын сипаттап, мессенжерлер мен әлеуметтік желілерде жиі кездесетін тілбұзардың біразына тоқталсақ. Ең көп кездесетіні – қазақтың төл дыбыстырын пайдаланбау. Мысалы, «Ол нан аншы» деген пікірді көзім шалды. Сөйтсем, «нанның» да, «аңшының» да мұнда еш қатысы жоқ екен. Төреғали туралы «Ол нән (керемет) әнші» депті. Орыс сөздеріне қазақша қосымшаны жалғап жазу. Мысалы, «Құрметті подписчиктерім, каксыңдар? Мына стористі поделиться етіңдерші». Айтпақшы, «ету» деген бесаспап сөз бар: «скрывать ет», «прыгать ет», «поделитья ет», т.б. бәрін «ете бересің». Сөздерді біріне-бірін қосып, қысқарту. Мысалы, «боватр» – болып жатыр. Сәндегі сленг сөздермен сөйлесу.
Мұндай мысалдар өте көп. Әрі атадан-балаға мұра болып, ананың сүтімен дарып, осынау күнге саф алтындай таза жеткен тілімізді шұбарлап, сөз саптау, сөйлеу және жазу мәдениетімізді бұзып, тілдің заңдылықтарын белшесінен басып отыр. Ең сорақысы, желі тілі шекарасын кеңейтіп, ғаламтормен шектелмей, күнделікті қолданыс тіліне айналып бара жатыр. Әрине, бұл тек қазақ тілінің басындағы қасірет емес. Интернет белең алғалы бері барлық тілге төнген қауіп. Оған қарсы тұру – ең алдымен, өзімізге байланысты. Сауатты жазу – әр адамның санасы, тілден бұрын, өзіне деген құрметі. Қазақ тілі алдындағы жауапкершілік – қазақ болып туған әрқайсымызға артылған міндет. Ахмет Байтұрсыновтың «Тіл тазалығын сақтау – бейпіл, жаргон сөздерді пайдаланбау – біздің патриоттығымыз бен сауаттылығымызды арттырады» деген сөзін әркез жадымызда ұстауымыз керек-ақ. Сонымен қатар қазақша сауатты контентті арттырып, ғаламторда қазақтілді ақпаратты көбейтуге мейлінше жағдай жасау қажет.
Осы орайда, интернетте көз ілестірмес жылдамдықпен толығып, сәт сайын ақпарат жаңарып жатқанын, әрі мұнда интернет журналистердің өзіндік үлесі барын ескере кету керек. Бір өкініштісі, кейбір журналистер үшін сапа емес, сан маңызды секілді. Өйткені ақпаратты алғашқылардың бірі болып жариялау жарысында әлеуметтік желілерде пост пен пікір жазатын қарапайым халық тұрмақ, ақпарат порталдарында кәсіби журналистердің өзі сөздік қоры бай қазақ тілінің беделін түсіріп, сүреңсіз сұхбат пен жұтаң жаңалық жазып жатады. Мұның барлығы да тілдің бұзылуына, ұсақталуына әсер ететіні сөзсіз. Қазақ тілінің беделін арттырып, оған деген қажеттілікті тудыру үшін бүгінде ең мықты насихат құралына айналған ғаламторда тіліміздің ең әдемі, ең әуезді, ең бай тіл екенін көпшілікке көрсете білсек екен.
Құралай Мұратқызы