Тіл – халықтың жаны, рухының тірегі. Ал мемлекеттік тілдің мәртебесін сақтау – әр азаматтың борышы, әр мекеменің міндеті. Осы ұстанымды негізге алған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Алматы облыстық филиалының өкілдері Іле ауданының орталығы Өтеген батыр ауылында және Алатау қаласында мемлекеттік тіл туралы талаптардың орындалуына бағытталған рейд жүргізді.
Бұл іс-шараның басты мақсаты – «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның 21-бабында көрсетілген деректемелер мен көрнекі ақпараттың мемлекеттік тілде дұрыс жазылуы, маңдайша мен жарнамаларда орфографиялық және аударма нормаларының сақталуын бақылау. Сонымен қатар «Жарнама туралы» және «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заң талаптарын түсіндіру, қажет жағдайда «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 75-бабы негізінде ескерту жасау да назардан тыс қалмады.
Рейд жұмысына Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының басшысы Гүлзира Сейітбекқызы, орынбасары Күләйша Бейсембаева, «Қазақ тілі» қоғамы Іле аудандық филиалының төрағасы Қарлығаш Бұдұғұлова және облыстық «Алатау арайы» газеті қатысты. Біз алдымен аудандық әкімдікке бас сұғып, ондағы өткізу аппаратының орысша сайрап тұрғанына қынжылдық. Қазақша сөйлетпесе де, дауысын басып қойса, тілге деген зор құрмет болар еді. «Мемлекеттік мекеменің өзі мемлекеттік тілде сөйлемесе, халықтан қалай талап етеміз?» деген орынды сауал көкейге оралды. Тексеріс барысында Өтеген батыр ауылындағы өрнектің көбі өзге тілде екенін аңғардық. Әсіресе, Заманбек Батталханов 7 «В» көшесінде орналасқан ғимарат айрықша назарымызға ілікті. Бұл жерде түрлі компания мен шағын кәсіп иелерінің кеңселері шоғырланыпты. Сыртқы маңдайша мен жарнаманың барлығы дерлік орыс тілінде ғана жазылған. Мұнда мамандар бірнеше кеңсеге кіріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізбек болды, алайда басым бөлігі жұмыс орнында болмады. Тек бір компания өкілі ғана жауапкершіліктен жалтарып, «Бұл мәселе бойынша басшылық шешім қабылдайды» деп қысқа қайырды. Жұмыс тобы оларға арнайы заң талаптары жазылған жадынама қалдырып, бір ай ішінде түзету керектігін ескертті. Бұл жадынамада «Деректемелер мен көрнекі ақпараттың мәтіні мемлекеттік тілде сол жағында немесе жоғары жағында, орыс тілінде оң жағында немесе төменгі жағында орналасуы тиіс» деп көрсетілген.
Одан соң тексеру тобы аудан орталығындағы дәмханалардың біріне бас сұқты. Мұнда мәзірдің бір бөлігі қазақ тілінде жазылғанымен, көрнекі жазулар түгелдей орыс тілінде. Асхана иесіне тіл нормалары түсіндіріліп, кемшіліктерді жою үшін бір ай уақыт берілді. Кәсіпкер бұл талапты түсіністікпен қабылдап, олқылықтарды түзетуге уәде етті. Артынша Жансүгіров көшесіндегі сүзбе дайындайтын шағын дүңгіршектің маңдайшасында «Мы открылись» деген үлкен жазу көзге оттай басылды. Бұл жерге де арнайы топ кіріп, ескерту жасап, жарнаманы алып тастауды және тағам атаулары мен бағаларын мемлекеттік тілде көрсету қажеттігін айтты. Орысша жарнама сол сәтте алынып, өзге қателіктер де көп күттірмей түзетілетіні айтылды. Сол көшедегі телефон жөндеу орталығы, шаштараз және киім дүкендеріндегі жазулар да бірдей сипатта – толықтай орыс тілінде. Барлығына түзету міндеттелді.
Түс ауа тексеру тобы Алатау қаласына бағыт алды. Мұнда комиссияны «Қазақ тілі» қоғамының қалалық өкілі Арайлым Жақсылық күтіп алып, бірнеше нысанды бірге аралады. Асханалар мен самса сататын дүңгіршектерде, тігін шеберханалары мен шаруашылық дүкендерінде де тілдік талаптар сақталмаған. Қоғам мүшелері бұл орындарға да арнайы жадынама қалдырып, «Тіл туралы» Заң талаптарын нақты түсіндірді. «Егер белгіленген мерзімде түзетулер енгізілмесе, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 75-бабы негізінде айыппұл салынады», – деп қатаң ескерту жасалды. Рейд барысында мамандар кәсіп иелеріне «Жарнама туралы» Заңның 6-бабын да еске салды. Онда Қазақстан аумағындағы жарнама қазақ тілінде, қажет болған жағдайда орыс және басқа тілдерде де таратылады деп нақты жазылған. Ал «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 24-бабы бойынша сатушы немесе қызмет көрсетуші тұтынушыға мемлекеттік тілде толық әрі түсінікті ақпарат беруге міндетті. Қоғам өкілдері бұл талаптар – жазалау емес, тәртіп орнату мен ана тілінің беделін арттыру жолындағы ізгі шара екенін атап өтті.
Міне, солай бір күндік рейд барысында Өтеген батыр ауылы мен Алатау қаласындағы оннан аса нысанға түсіндірме жұмысы жүргізілді. Кейбір кәсіпкерлер олқылықтарды сол күні-ақ түзетіп, жаңа жазулар іле бастады. Бұл көңіл қуантатын көрініс тіл жанашырларының еңбегі еш кетпегенін аңғартты. Осы орайда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының басшысы Гүлзира Сейітбекқызы рейд жұмысының нәтижелі өткенін айтып, тіл заңдылығын сақтау баршаға ортақ мәдениетке айналуы тиіс екенін алға тартты. Сондай-ақ аталмыш рейдтік шаралар алдағы уақытта басқа аудан, қалаларда да өткізілетінін тілге тиек етті.
Іле ауданындағы рейд жай бақылау емес, санаға салынған сабақ болды. Мамандардың тіл мәртебесін ұлықтап жатқан жұмысын көрген тұрғындар да жылы лебізін білдіріп, мемлекеттік тілге құрмет – елге құрмет екенін жеткізді.Тілдік норманы сақтау – заң талабы ғана емес, азаматтық ардың өлшемі екенін сөз еткен Күләйша Бейсембаева бүгін жадынама түрінде таратылған ескертулер ертең елдік намысқа айналып, әр маңдайшада, әр жарнамада қазақ тілінің айбары асқақтаса, бұл жұмыстың жемісі сол болатынын айтты.
Құралбек СӘБИТОВ




