Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев жұмыс сапарымен облыс орталығы Қонаевқа келді. Мәдениет үйінде өткен жиында өңірдің туристік әлеуетін арттыруға үлес қосып жүрген кәсіпкерлермен кездесіп, өзара пікір алмасты.
Туризм – экономиканың дамуына серпін беретін саланың бірі. Сондықтан әлем елдері оның өркендеуіне барынша жағдай жасап, жан-жақты қолдау көрсетеді. Соның арқасында туризм бизнесінен табыс тауып, пайдаға кенеліп отырған мемлекеттер аз емес.
Бұл саланың жандануына бізде де мүмкіндіктер көп. Тамылжыған табиғат туристерді өзіне қарай тартатыны анық. Десек те демалушылардың көрікті жерлерді кеңінен аралап, саф ауаны емін-еркін жұтып, жайлы жатып, дәмді тағам ішуіне сапалы қызмет көрсету басты орында тұруы тиіс. Онсыз туризм ешқашан алға баспайды.
Соңғы жылдары еліміздің туристік әлеуетін көтеру үшін Үкімет тарапынан жүйелі жұмыстар атқарылуда. Нәтижесінде аталған салаға ақша салып, бизнесін дамытуға бетбұрған кәсіпкерлер саны арта түскен. Бұл туралы вице-министр Ержан Еркінбаев баяндамасында атап көрсетті.
– Халықаралық сарапшылар туризм саласы 2023 жылы ғана пандемияға дейінгі көрсеткішке жетеді деп болжаған. Бірақ соған қарамастан Қазақстанда туризм өткен жылы-ақ қалпына келді. Ішкі туристер саны 25 пайызға артты. Шетелдік туристер саны 1 миллионнан асты. Биыл бұл көрсеткіш 1,4 миллионға дейін өседі деп отырмыз. Осының бәрі отандық туристік қызметтер нарығын қолдау және салаға инвестиция тартудың нәтижесі, – деді Ержан Мәлікұлы.
Вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда 202 жоба келіп түскен. Соның ішінде 288 млрд теңге болатын 115 жоба биыл жүзеге асады деп жоспарланып отыр. Қонақ үйлер көптеп салынған сайын жаңа жұмыс орындары ашылады. Бүгінде туристік салада жұмыспен қамтылғандар саны 491 мың адамға жеткен.
Облыста туристік салаға инвестиция тарту жұмыстары да айтарлықтай ілгерілеген. Былтыр 9 жоба жүзеге асқан.
– Биыл 11,2 млрд теңге болатын 4 жоба іске қосылды. Олардың ішінде ең маңыздысы – Түрген шатқалы мен Шарын ұлттық паркіндегі визит-орталықтар, Жібек Жолы мен SAF Resort қонақ үйлері, – деді вице-министр.
Сондай-ақ, жиында облыста экотуризмнің жаңа түрі – глэмпинг ерекше қарқын алғаны айтылды. Мәселен, еліміз бойынша дәл осындай 38 кешен бар болса, оның 22-і Алматы облысының үлесінде. Глэмпинг салуға көп қаражат кетпейді. Тез құралады және демалушылар үшін өте ыңғайлы. Сондықтан кәсіпкерлер қонақ үй құрылысына осы әдісті пайдалана бастаған.
– Экотуризмге сұраныс арта түсті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша табиғи аумақтарға 2 миллионнан астам адам келді. Солардың жартысына жуығы Алматы облысының ұлттық парктеріне тиесілі, – деді вице-министр Ержан Еркінбаев.
Визит-орталықтардың ашылуы да туристер санының өсуіне ықпал етіп отыр. Жиында «Алтын Емел» ұлттық паркінде 14-визит-орталығы ашылатыны хабарланды.
Бұдан кейін кәсіпкерлер өздерін толғандырып жүрген мәселелерді ортаға салды. Алматыдан Қапшағай көлінің жағасына дейін баратын қоғамдық көліктер қатынасын ретке келтіруді сұрады. Сонымен қатар пойыз вагондарын көбейтуді де тілге тиек етті. Туристік нысандарға апаратын жол сапасы да сөз болды. Вице-министр кәсіпкерлер тарапынан айтылған уәжге құлақ асып, пікірлер мен ұсыныстардың назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Бұл – бәрі бір күнде шешімін табады деген сөз емес. Кезең-кезеңімен ретке келеді. Ең бастысы, туризмдегі өзекті мәселелер күн тәртібіне қойылып, қолға алынғаны. Оның пайдасын халық көреді.
Болат Мәжит,
Қонаев қаласы