Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаштағы Мәдениет үйінде белгілі композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Композиторлар одағы және Авторлар қоғамының құрметті төрағасы Балнұр Қыдырбектің 70 жасқа толуына арналған шығармашылық кеші өтті.
«Өмір – өнер мейрамы» атты шараның шымылдығын ашқан Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Әділбек Қамбарұлы мерейтой иесін құттықтап, композитордың қазақ өнері мен мәдениетінің дамуына қосқан елеулі үлесін атап өтті.
«Балнұр Балғабекқызының шығармалары ұлттық музыканың биік белесін айқындап, жас ұрпақтың рухани қазынасына айналды. Жазған күйлері мен симфониялық туындылары халқымыздың рухани болмысын аша түсіп, ананың мейірімін, даланың кеңдігін сезіндіреді. Мерейлі жасыңыз биік болсын! Шабытыңыз сарқылмай, өнеріңіз өрлей берсін!» – деп сахна төрінде сый-құрмет көрсетті.
Шығармашылық кеш барысында театрландырылған көрініс қойылып, Балнұр Қыдырбектің өмірі мен еңбек жолының жарқын белестері сахналанды. Аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары мен жас музыканттар композитордың туындыларын орындады. Көпшілік алдында сөз алған кеш қонақтары мен аудан жұртшылығы мерейтой иесіне ұзақ ғұмыр, сарқылмас шабыт, шығармашылық табыс тіледі. Балнұр Балғабекқызы жерлестеріне, әріптестеріне және шараны ұйымдастырушыларға жүрекжарды алғысын білдіріп, туған жердің жылы ықыласы мен құрметі шығармашылығына шабыт беретінін жеткізді.
Ұлт руханиятының іргесін бекемдеп, заманауи қазақ музыкасының биік белеске көтерілуіне сүбелі, ерен еңбек сіңірген композитор өзінің шығармашылық жолында ұлттық болмысты терең түйсініп, оны симфониялық, камералық, опералық жанрлармен сәтті үйлестіре білді. Ол 300-ден астам музыкалық шығарманың авторы. Өнер қайраткері биыл Президент Жарлығымен «Парасат» орденімен марапатталған.
Серік Сатыбалдиев
Жамбыл ауданы




