Биыл Жетісу күйшілік мектебінің ірі тұлғасы, дәулескер күйші-композитор Омархан Керімқұловтың туғанына 90 жыл толып отыр. Қазақтың ұлан-ғайыр даласындағы сан салалы күйшілік өнердің бір тармағы Жетісу күйшілік мектебі дейтін болсақ, сол мектептің орындаушылық дәстүрін қалыптастырып, оны жоғары деңгейге көтергендердің бірі аса талантты күйші Омархан Керімқұлов (1935-2004) дер едік.
Мен – Омархан ағаның күйшілік өнерін жас кезімнен көріп, тыңдап, одан үлкен рухани ләззат алып өскен адамның бірімін. Туыстық жағынан Омархан аға бізге жиен болады. Ол кісінің анасы Ауал – біздің Дүзен атамыздың бір баласы Айтбай әкеміздің қызы (кейіннен тағы да сүйек жаңғыртып құда болдық). Омекең менен тура бір мүшел үлкен еді. Яғни мен 1947 жылы туғанмын, ол кісі 1935 жылы өмір есігін ашқан. Шығыс Түркістанда ол кісілер Шоңқұштайда, біз Кішіқұштайда тұрдық, екеуінің арасы 50-60 шақырым.
Мен Омархан ағаны алғаш 1956-57 жылдары көрдім. Бұл – Қытай өкіметінің ұжымдастыру (коллективтендіру) саясаты басталған кез. Ол кезде мен 9-10 жастамын. Омекеңнің домбыра тартқанын бірінші рет көргенде-ақ ерекше әсерге бөлендім. Омекең маған домбыраны адамша сөйлетіп, бұлбұлша сайратқандай, аспаннан түскен ғажап бір тылсым иесіндей болып сезілді. Бұған дейін мен әкемнің үлкен ағасы, Кебекбайдың үлкені Кәкемнің (Кәрібайдың) ғана домбыра шерткенін көріп жүргенмін. Ол кісі болса бір 4-5 қысқа сарындарды ғана ермек ретінде айналдырып, қайталап отыратын. Шамасы Қожеке күйлерінің кейбір қайырымдары болса керек. Одан басқа толық күй немесе ән орындамайтын. Оның қасында Омархан ағаның домбыра тартудағы шеберлігі, орындап отырған алуан түрлі күйі мен құйқылжыған әуен-нақыштары маған ұшы-қиыры жоқ телегей-теңіз болып көрінді. Кәкемнен басқа домбырашыны көрмеген менің көкейімде «Осының бәрін қашан үйреніп алды екен? Осынша дүние қай жағынан шығып жатыр?» деген екінің бірінде болатын дәстүрлі сұрақ тұратын.
Омархан аға біздің ауылға нағашылап көбінесе жаз айларында келетін. Әр келген сайын Кәкем мен Әбдіғалық аға (Кәкемнің үлкен баласы) жібермей, кемі бір апта жатқызатын. Біздің ауыл кешкісін малдарын жөндеп, тамақтарын ішіп болғаннан кейін домбыра тыңдауға жақын көрші-қолаңнан бастап бәрі Кәкемнің үйіне жиналады. Омархан аға күндіз-түні қолынан домбыраны тастамайтын. Ол кісі жай әңгімелесіп отырған кезде негізінен жеңіл, құлаққа жағымды ән-әуендерді шертіп отыра беретін. Ал адамдар жиналып, олар қолқа салған кезде салмақты, тарихи, мазмұнды күйлерге кезек беретін. Онда да алдымен бұл кімнің күйі екенін, шығу тарихын, кімнен үйренгенін, күйде не айтылады, соның бәрін түсіндіріп, тыңдаушының құлағын әбден дайындап алып барып үлкен ықыласпен орындайтын. Осындай жолмен орындалған күй тыңдаушыға бірден түсінікті болады әрі есіңде жақсы сақталады. Сондағы көбінесе орындайтындары Қожекенің, Сыбанқұлдың, Рақыштың, Мергенбайдың, Қосдәулеттің, Кәтіптің, Тілемістің, Бестібайдың, қырғыз Асанәлінің шығармалары мен өзінің шығарған күйлері де бар-тын. Кейде елдің сұрауы бойынша кейбір күйді қайталап орындауға тура келетін. Сондағы менің бір байқағаным, әр орындағанда нақпа-нақ қайталай бермей, жаңаша әрлеп, бояу қосып орындауға тырысатын.
Омекең күй шерткенде ешқашан пернеге қарамайтын. Ойлы жүзбен көзін жұмып алып, күй әуенімен жеңіл ырғатылып отыратын. Ол кісі негізінен домбыраны күйдің мазмұнына қарай сөйлетіп отыратын. Және тыңдаушыны да өзімен бірге еліктіріп әкететін. Ел Омекеңнен көбінесе тарихи күйлерді сұрайтын. Омекеңнің өзі сөзге шешен, әңгімені жақсы айтатын адам еді. Күйлердің тарихын айтқан кезде әсерлі етіп, қызықтырып, майын тамызып сөйлейтін. Мәселен, Қожекенің «Нұрғазарын», «Мұңлық-Зарлық», «Қамбарқан», «Таскөмір шоғын басқандағы күй», «Бұлбұл торғай», Қосдәулеттің «Арманы», «Қырғыз Асанәлінің күйі», Сыбанқұлдың «Аққудың атамекеніне қайтқаны», «Аққуды бидайық құстың қуғаны», «Жалғыз көзді әулие», «Жиренше шешен», «Тәжінің бозайғыры», «Ақын Түсіпханның зары» сияқты тағы басқа да туындыларды әсерлі етіп әңгімелегенде, тыңдаушының аузы ашылып қалатын.
Омекең бұл ауылдағы елді біраз күн өнерімен сусындатқаннан кейін Кәкемнен рұқсат сұрайды. «Тағы біраз ауылдарға бармай кетсем, ренжіп қалатын шығар» деп жөнін айтып, келесі ауылға кетеді. Қасында Кәкемнің үлкен баласы Әбдіғалық аға қошеметтеп, бірге жүреді. Ол да – серінің біреуі. Сөйтіп, Омекең бір өзі жаз бойы дала театры болып, халқына рухани азық сыйлап, өнерді дәріптеп жүреді. Өзі аймаққа белгілі Керімқұл байдың (атасы) баласы болғандықтан жақсы ат мінетін. Ат әбзелдерінің бәрі күміспен әшекейленіп, жалт-жұлт ететін. Өзі де киімнің әдемісін киіп, сал-серілердей жүретін. Соған қоса өзінің келісті келбетіне, ерекше өнеріне кім де болса қызығатындай еді. Қайда барса да, қасынан қыз-жігіттер шықпайтын.
Омархан 6 жасынан бастап домбыра ұстаған. Оған алғаш домбыра үйреткен адам атасы Керімқұл екен. Өзіне көп жылқы біткен, өз ортасында беделді Керімқұл Қожекенің үлкен баласы, талантты күйші Рақышпен қатарлас әрі сыйлас болады. Керекең сүйікті немересі Омарханды күйшілік өнерге баулысын деп Рақыштың қарамағына береді. Рақыш болса Омарханның талантын көргеннен кейін оған бар ынта-жігерін салып үйретеді. Рақыш арқылы домбыра тартудың әдіс-тәсілдерін, техникасын толық меңгеріп, күйшіліктің даңғыл жолына түседі. Омекең енді Сыбанқұлдың немере інісі Шіденің қасына еріп жүріп одан Сыбанқұл күйлерін түгел үйренеді. Омекең өзінің табиғат берген құймақұлақтығы мен ерекше дарындылығының арқасында өз қатарларынан әлдеқайда озық болады. Оның алғырлығы сондай, біреудің тартқан жаңа күйін бір-ақ рет тыңдап, сол жерде қайтадан өзіне тартып беретін кездері болған.
1950 жылы қазан айында Қытай Халық Республикасының құрылғанына бір жыл толу құрметіне Құлжа қаласында №1 облыстық күйшілер сайысы болады. Осы сайыста Рақыш Қожекеұлы – бас жүлде, қырғыз Асанәлі – 1-орын, Әшім Дүңшіұлы – 2-орын, сол кезде 16 жасқа әлі толмаған Омархан Керімқұлов 3-орын иеленді.
1954 жылы Құлжа қаласында өткен №2 күйшілер сайысына бұрынғыдан да көп адам қатысады. Іле, Тарбағатай, Алтай аймағынан небір дәулескер домбырашы жиналады. Осы үлкен сайыста 19 жасар Омархан 120 күйді нақышына келтіре жоғары дәрежеде орындап шығып, қатарынан оза шабады. Осыдан кейін Омархан Керімқұловтың атағы бүкіл Текес, Құлжа өңіріне жайылады.
Шығыс Түркістан жеріндегі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған еркін заман да қазаққа баянды болмады. Қытай коммунистік партиясы Кеңес одағының жолымен жүреміз деп еркін көшіп-қонып, дәстүрін дамытып, ұрпағын өсіріп жүрген халықты мәжбүрлі түрде отырықшылыққа айналдыра бастады. Малының бәрін жинап алды. Халықты атақоныстарынан айырып, Қарадала деген жерге иіріп, бір қазаннан тамақ беріп, нормамен қысты. Бұл біздің халыққа өте ауыр тиді. Қиналған халық 1959 жылдан бастап (есебін тапқандары) жаппай тарихи Отанына көшіп, өте бастады.
Омархандар 1962 жылы елмен бірге тарихи Отаны Қазақстанға көшіп өтті. Ол кезде мұнда келген қазақтарды Кеңес өкіметі адам саны жетіспейтін жерлерге апарып орналастыратын. Сол бойынша Керімқұл әулетін әуелі Кеген ауданына қарасты Кіші Жалаңаш деген жерге апарып қоныстандырады. Бұл жерде екі жыл тұрған соң Керімқұл әулеті түгелдей көшіп, Балқаш ауданының Құйған кеңшарына барып, бәрі бір-бір отар қой алады. Омекең осы жерде 20 жыл қой бағады.
Омархан Қытайдан өткеннен кейін 1965 жылдан бастап 25 жыл қолына домбыра ұстамай кетеді. Меніңше оның бірнеше себебі бар сияқты. Біріншіден, тұрмыс тауқыметі, жанбағыс қамы ешнәрсеге мойын бұрғызбады. Екіншіден, ешқандай қажеттілік пен сұраныс болмаған жерде ешбір өнер дамымайтыны белгілі. Сол кезде бұл жақтағы халықтың мәдениеті, түсінігі басқа болды, кеңестік идеология солай тәрбиеледі. Олардың дүниетанымы басқа еді. Осылайша, өзін түсінетін, өнерін бағалайтын қарапайым халық болмаған соң да Омекең домбыраны ұстамай кеткен болуы мүмкін.
Адамға туған жері қашанда ыстық қой. Омекең Қытайдан Қазақстанға өтер кезде туған жерін, ондағы қалып бара жатқан ел-жұртты қимай, әрең қоштасқаны анық. Бұл жаққа келген соң туған жерін, ол жақта көздері жәудіреп қалып кеткен жақсы көретін жанашыр жақындарын сағынады. Мұндайда Омекең өзімен-өзі болып, іштегі шерін басу үшін аракідік домбырасын қолына алып, жаңағы көңіл-күйді домбыраға айтқызады. Домбыра тілімен сыртқа шығарып, ішін босатады. Сол толғаныстар өзінше бір-бір күй болып шыққанын Омекең өзі де байқамаған. Осы қатарда «Әттең, туған жер», «Елмен қоштасу», «Қалдың, ел», «Сағыныш», «Өз арманым» сияқты күйлері негізінен мұңды, шерлі болып келеді. Дегенмен еліміз тәуелсіздік алып, жоғымызды түгендей бастаған шақта кейбір қазақ өнерінің жанашырлары Омекеңді іздеді. Алғашқы болып қазақ телевидениесінде істейтін домбырашы, өнер зерттеуші Жарқын Шәкерім Омекеңді іздеп тауып, қазақ жұртшылығына эфирден көрсетті. Газетке көлемді мақала жазды. Сол сол-ақ екен журналистер, музыкатанушылар, өнер зерттеушілері Омекеңді жаппай іздеп, зерттеуге кірісті. Бәрі де «Япырау! Мынандай талантты осы уақытқа дейін неғып көрмей жүргенбіз?» деп өкінді. Солардың ішінде Омархан Керімқұлов шығармашылығын індете зерттеп, оның орындауындағы барлық күйді бірін қалдырмай, нотаға түсіріп, олардың тарихи әңгімелерін асқан ұқыптылықпен жазып, жарыққа шығарғандар – филология ғылымдарының кандидаты, өнертанушы Сағатбек Медеубекұлы мен домбырашы, өнертану ғылымының кандидаты Базаралы Мүптекеевтің еңбектері зор құрметке ие болды. Омекең де қанаттанып осыдан кейін домбырасын қайтадан қолына алды.
Осылайша тәуелсіздіктің арқасында күйші Омархан Керімқұлов өмірінің екінші шығармашылық кезеңі басталды. Омекең 25 жыл қолына домбыра ұстамаса да, ештеңені ұмытпапты. Жастайынан бар зейінімен қабылдап, сүйегіне дейін сіңіп кеткен дүние болғандықтан бәрі де қайтадан есіне түсті. Әйтпесе қазіргіше нота бойынша жаттаған нәрсе болса, өйтіп есте сақталмас еді.
Тәуелсіздіктің арқасында халқымыз өзінің тегін, кім екенін біліп, ұлттық құндылықтарды бағалап, оған жаңаша көзқараспен қарайтын болды. Соның арқасында Омархан сияқты біртуар таланттарын бағалап, оған өзінің лайықты орнын алып берді. Омекең де енді серпіліп, жаңа қырынан көрінді. Шабыты оянып, көтеріңкі көңіл-күймен жаңа, көңілді күйлер шығаратын болды. Сөйтіп, «Толғау», «Бозторғай», «Сағыныш», «Шаршау», «Амандасу», «Нағашымен амандасу» сияқты күйлерін шығарды. Жалпы, Омекеңнің репертуарында 200-ден астам Жетісу, Алатау өңірінің күйлері болды. Жетісу күйлері. бір қарағанда. қарапайым, жеңіл болып көрінгенімен, аса байқала бермейтін, күрделі ырғақтар, иірімдер, түсіндіруге тіл жетпейтін тұстары көп болады. Оны кейбір адам бірден байқай алмайды. Ол тек Омархан секілді талантты күйшінің ғана қолынан келетін шеберлік-суреткерлік. Омекеңнің, әсіресе екі қолының еркіндігі, екі қолдың бір-бірімен сәйкес келіп, домбыраны адамша сөйлетуі ғажап еді. Сондықтан да ол кісіні тыңдап отырған адам оған жан-тәнімен беріліп, бас ала алмай тыңдайтын.
Әдетте шертпе күй, төкпе күй немесе шертіп қағу, сермеп қағу деп бөліп-жарып, ат қойып, айдар тағып жатады. Омархан күйші орындап жүрген Жетісу күйлерінде осы екі стильдің екеуі де бар. Яғни олар оны бөліп-жармайды, бір күйдің өзінде бірнеше түрлі қағыс араласып келе береді. Олардың өзі өзара жымдасып жатады. Мәселен, Омарханның орындауындағы Қожеке күйлері негізінен өзінің мазмұнына байланысты көбінесе шертіп орындалатын болса, Сыбанқұл күйлері өзінің табиғатына байланысты көбірек сермеп, көсіп қағу әдісімен орындалады. Сонда да олардан ешқандай айырмашылықты байқамайсың.
Биыл Омархан Керімқұловтың туғанына 90 жыл толуына байланысты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Алматы облыстық мәслихатының қолдауымен ұлы күйшіні еске алу, ұлықтау мақсатында бірқатар мәдени іс-шара атқарылып жатыр. Мәселен, 8 қазан күні Қазақ ұлттық консерваториясында «Саумал шертпенің шебері» деген атпен Омархан Керімқұловтың шығармашылығына арналған күй кеші болды. Бұл кешті ұйымдастырған – талантты домбырашы, консерваторияның ұстазы, философия ғылымдарының докторы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Республика күні «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапаталған, «HasSak» этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі Ержан Жәмеңкеев деген азамат. Ол өзінің 7 студент-шәкіртімен бірге Омархан жеткізген Қожекенің, Сыбанқұлдың, Қосдәулеттің, қырғыз Асанәлінің, Бестібайдың, Омарханның өзі шығарған күйлерінен тамаша әңгіме-концерт өткізді. Концерттің соңын Омархан күйшінің өзі шығарған «Өз арманым» күйімен домбырашылар ансамблі түйіндеді. Кеш өте тартымды әрі мазмұнды өрбіді. Кешке ауылдан Омарханның туыстары мен Алматыдағы зиялы қауым өкілдері көп жиналды. Кеш соңында консерватория ұжымы күйшінің баласы Қанапияның иғына (тірі болғанда Омарханға кигізетін еді) шапан жапты. Зиялы қауым өкілдері күйші-композитор Омарханның шығармашылығы жайлы өз пікірлерін ортаға салды.
Бір аптадан кейін облыстық кітапханада облыстық мәслихат қолдауымен еске алу кеші болды. Ғалымдар мен өнер зерттеушілер Омекең жайлы естеліктер айтып, домбырашылар Омархан жеткізген күйлерді шертті. Кеш соңында Омархан Керімқұловтың портреті әйгілі адамдар ілінген қабырғаға, ақын-жырау, күйші-композитор сынды ұлылардың қатарына ілінді.
Биылғы жылды өнерсүйер қауым «Омархан Керімқұлов жылы» деп те айтып жүр. Ендеше биылғы Омекеңді ұлықтау шаралары әлі аяқталған жоқ. Ол алдағы уақытта да өзінің жалғасын табады. 8 қараша күні сағат 10:00-де Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында Омархан Керімқұловтың туғанына 90 жыл толуына арналған дөңгелек үстел, яғни ғылыми-теориялық конференция өтпек. Оған ғалымдар, өнертанушылар, күйші-домбырашылар, әдебиет пен өнер қайраткерлері қатысады деп күтілуде. Осы күні түс ауа сағат 15:00-де Алматыдағы Жамбыл атындағы филармонияда күйші-композитор Омархан Керімқұловтың туғанына 90 жыл толуына арналған іс-шаралардың соңғы нүктесін қоятын гала-концерт болады. Қазақтың Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің орындауында бұл күні негізінен Омархан Керімқұлов жеткізген Жетісу күйлері төгіледі. Концерттен кейін Омарханның ұрпақтары ас бермек.
Осының бәрінің артында отыз жылдан бері Омархан Керімқұлов жеткізген Жетісу күйлерін талмай зерттеп, елге насихаттап жүрген өнер иелері, ғалымдар, осы өлкенің күйшілік дәстүрін терең үйренуге талпынған жас музыканттар, домбырашылар тұр. Жетісу күйлерін жылдан-жылға жаңғырта беруді мақсат тұтқан музыка зерттеушілері, әйгілі домбырашылар Біләл Ысқақов, Нұрлан Бекенов, Ержан Жәмеңкеев, Рүстем Нұркенов, Айбол Құдайбергенов, Астана өнер академиясының музыка мамандары Жанғали және Сәрсенғали Жүзбаев, Бауыржан Бекмұхаметтер бар. Осы игі істің басы-қасында жүрген Омархан күйшінің тұяғы, іздеушісі, ұлы Қанапия мен келіні Бәтиманың маңдай терін, жансебіл еңбегін ерекше атап айтар едік. Осы жерде дана халқымыз «Атадан пұл қалғанша, ұл қалсын» деген ұлағатты сөзіне еріксіз сүйсінесің.
Әбдіманап ЖҰМАБЕКҰЛЫ,
Құрманғазы атындағы
Қазақ ұлттық консерваториясының доценті,
ҚР Білім беру ісінің үздігі,
ҚР Мәдениет саласының үздігі




