Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Еңбекшіқазақ ауданына арнайы барып, ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған өндіріс орындарының жұмысымен танысты. Іссапар Балтабай ауылындағы «Балтабай Дән» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен басталды.
Бұл кәсіпорын жүгері дәнін кептіру және сақтаумен айналысады.
Тәулігіне 400 тонна, жылына 40 мың тоннаға дейін астық кептіруге қауқарлы кешеннің инвестиция көлемі 150 миллион теңгені құрайды. Мұнда төрт астық кептіру жүйесі орнатылған, қазіргі уақытта оның екеуі толық режимінде жұмыс істеп тұр. Өндіріс басшысы Айдар Асылбековтің айтуынша, кәсіпорын өнім сапасын арттырумен қатар, жергілікті шаруалардың өнімін тиімді өңдеуге мүмкіндік береді. Кәсіпорын ауыл азаматтарын тұрақты 26 жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр. Инвестициялық жобалар – ауыл экономикасының жаңа тынысы екенін айтқан облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев: «Мұндай жобалар жеке инвестиция арқылы агроөнеркәсіп саласын дамытып, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға болатынын көрсетеді. Яғни ауыл экономикасының тірегіне айналып, жергілікті азаматтар үшін табыс пен тұрақтылық көзі болмақ. Мемлекет тарапынан жасалатын қолдау нақты нәтиже беріп келеді», – деді.
Әкім сапар барысында «QazEcoDan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Қазтай Ұлтарақов ауылының маңында бой көтеріп жатқан жүгері өңдеу зауытының құрылыс барысымен және өңірдегі өзге инвестициялық жобалармен танысты. «QazEcoDan» басшысы Қазбек Қайралапиннің айтуынша, жоба құны 9,6 млрд теңгеден асады. Бұл кешен болашақта өңірдегі астық және майлы дақылдарды қабылдау, кептіру, сақтау және жем өндірісін қамтитын ауқымды өндіріс орталығына айналмақ.
Өңірде тағы екі ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның бірі – «Qazaq Global Food JV» ЖШС. Кәсіпорын директоры Ержан Жұматаевтың айтуынша, бұл – жеміс-жидектер мен көкөністерді өңдеп, жеміс шырындарының концентраттары мен езбесін дайындайтын зауыт құрылысы. Жобаның жалпы құны 9 миллиард теңгеден асады. Оның ішінде 2 миллиард теңге – кәсіпорынның өз қаражаты, ал 7 миллиард теңгеден астамы – қарыз қаражат. Зауыттың жылдық қуаты – 6 150 тонна концентрленген шырын және 6 700 тонна жеміс пен көкөніс езбесі.
Екінші жоба – 612 бас голштин тұқымды ірі қара малға арналған сүт-тауарлы фермасы. Бұл – жеке кәсіпкер Дәулетхан Тұржан қолға алған бастама. Жобаның жалпы құны шамамен 4 миллиард теңге. Құрылыс жұмысы өткен жылдың жазында басталған, ал нысанды пайдалануға беру және мал жеткізу 2026 жылдың көктеміне жоспарланған. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмысының 85 пайызы орындалған. Қажетті жабдықтардың басым бөлігі жеткізілген. Алдағы күндері шетелдік мамандар келіп, сауу мен көң шығару жүйесін орнатуды бастайды.
Аймақ басшысы Шелек ауылына да арнайы барып, мұндағы инфрақұрылымды жаңғырту жұмысын көрді. Тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін инженерлік инфрақұрылым – маңызды тетіктің бірі. Осы орайда Шелек өңірінде ауданның салалық бөлім басшылары облыс әкіміне ауызсу желісін, кәріз жүйесін және электр желілерін жаңғырту, сондай-ақ газдандыру жұмыстарының барысын баяндады.
Шелек ауылындағы су құбыры жүйесін салу және қайта жаңғырту жобасы биыл желтоқсан айында толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Жаңа су жүйесіне шамамен 8 мың абонент қосылады деп күтілуде. Жалпы ұзындығы 124 шақырым болатын су құбыры жүйесінің құны – 5 миллиард 99,8 миллион теңге. Сонымен қатар ұзындығы 21 шақырымды құрайтын кәріз жүйесінің құрылысы мен қайта жаңғырту жұмысы да аяқталуға жақын.
Жобаның жалпы құны – 3 миллиард 114 миллион теңге.
Қазіргі уақытта 30 гектар аумақта кәріз суларын жинақтау қоймасы салынған, биологиялық тазалау стансасы жабдықтарының 95 пайызы орнатылған. Бұдан бөлек, ұзындығы 144 шақырым болатын электр желілерін қайта жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, 1 миллиард 680 миллион теңгеге бюджеттік өтінім берілген.
Өңірдегі өзекті мәселенің бірі – көгілдір отынға тұрғындардың қол жеткізуі. 28 830 тұрғын мекен ететін Шелек ауылында 7434 аула бар. Бүгінгі таңда 3100 үй газ жүйесіне қосылған.
Газ құбырының жалпы ұзындығы – 142 шақырым. Елдімекенді газдандыру жұмысын «APL Construction» компаниясы жүргізіп жатыр.
Ауылдың инженерлік инфрақұрылымы толықтай аймақ басшысына таныстырылып, Шелек ауылындағы блокты-модульді қазандықтардың жай-күйі де назар аударылды. Бүгінде ауылда бес БМҚ жұмыс істеп тұр. Олар 8 үй мен 78 пәтерді жылумен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар сегіз жаңа БМҚ құрылысына арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленген.
«Бұл істің барлығы тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Ең бастысы – жобаларды уақытылы әрі сапалы орындау. Біз халыққа ыңғайлы, заманауи инфрақұрылым қалыптастыруымыз қажет», – деп атап өтті Марат Елеусізұлы.
Халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен қатар, мәдени-рухани байлығы да үнемі назарда тұруы қажет. Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Хусаин Бижанов атындағы орта мектептің 115 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шараға да қатысты. Облыс әкімі – осынау ғасырдан астам тарихы бар білім ордасының түлегі. Марат Елеусізұлы салтанатты шараны ашып, құттықтау сөз сөйледі. Мектеп тарихы баяндалып, білім ошағынан түлеп ұшқан қоғам қайраткерлері, Хусаин Бижановтың ұрпақтары жиналған көпшілікке ыстық лебіздерін білдірді. Мерейтой аясында «Цифрлық трансформация» кабинеті ашылып, оқушыларға заманауи технологиялармен білім алуға мүмкіндік жасалды.
Марат Сұлтанғазиевтің бұл сапары Еңбекшіқазақ ауданында жүріп жатқан оң өзгерістердің айғағы болды. Ауданда инвестициялық жобалардың жүзеге асып, инфрақұрылымның тартылуы – тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты істер.
Құралай Мұратқызы
Еңбекшіқазақ ауданы




