Перейти к содержимому
Главная страница » Орынды ойлар ортаға салынды

Орынды ойлар ортаға салынды

      Ары қарай жұмыс сапарын Райымбек ауданында жал­ғастырған ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев әкімдіктің мәжіліс залында қоғам белсенділерімен кездесті. Қоғамдық ұйым өкілдері, ұстаздар, мекеме, ұйым қызметкерлері қатысқан жиынды аудан әкімі Дастан Құдабаев ашып, Президент кеңесшісінің жұртшылықпен кездесуінің мақсаты, мән-маңызы туралы хабардар етті.
Жиын қоғам белсенділерінің Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы халыққа арнаған Жолдауына қатысты туындаған ой-пікір, ұсыныстарын тыңдаудан басталды. Алғаш сөз тізгінін ұстаған Райымбек аудандық қоғамдық ке­ңестің төрағасы Айыпжан Қаптағаев Жолдауда айтылған қоғамның саяси өміріне, халықтың әлеуметтік дамуына қатысты мәселелер төңі­регінде ой өрбітті. Жолдаудағы Мемлекет басшысы көтерген жасанды интеллектінің маңыздылығы, білім мен ғылымды жетілдірудегі алатын орны, жастар мен жас ұрпақтың тәрбиесі мен болашағына тигізетін оңтайлы әсері, жаңашылдық жолын­дағы атқаратын қызметі туралы көзқарасын жеткізді. Сонымен қатар шекаралы ауданның экономикасын дамытып, тұрақтылығын қамтамасыз етудің тиімді жолдарын ұсынды. Елдің шеті, желдің өтінде орналасқан ауданға шекаралы аймақ мәртебесін беру қажеттігі бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселе екенін айтты. Мұның өзі ауданда өндіріс орындарының ашылуына, сол арқылы жастардың жұмыспен қамтылуына, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруына жол ашатынын әрі адамдардың күнкөріс қамымен басқа аймақтарға көшуінің тоқтайтынына өзіндік септігін тигізетінін де Мәлік Нұржанұлының ойына салды. Өзекті мәселені жауапты орындарға жеткізіп, оңтайлы шешілуін бақылауды бас­шылыққа алуын өтінді.
Келесі кезекте мінберге көтерілген Б.Соқпақбаев атындағы орта мектеп-гимназиясының мұғалімі Гүлмира Төлегенова Жолдауда айтылған мәселелердің ауданның білім саласына тигізіп отырған игіліктері жайлы ойын ортаға салды.
– Мұғалім ретінде мен білім мен цифрландыруға қатысты бастамаларды құнды дүние ретінде санаймын. Өйткені, бүгінгі оқушы – еліміздің ертеңгі маманы. Сондықтан біз оқу­шылардың цифрлық сауаттылығын арттырып, зерттеушілік қабілетін дамытуға, жаңа технологияларды игеруге бағыттаймыз. Жаппай цифр­ландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғырту – бүгінгі уақыттың басты талабы. Ол үшін ең алдымен Цифрлық кодексті тезірек қабылдаған жөн. Біздің аудан мектептерінде сабаққа жасанды интеллект элементтерін енгізу бағытында семинарлар, шеберлік сыныптар байқаулары өткізіліп, оқу­шылардың білім сапасын арттыруға арналған жұмыстар жүргізілуде. Ондағы міндет – Жолдауда көрсетілген бағдарлы мәселелерге қол жеткізу үшін белгіленген мақсатты істерді кеңінен қолдау және жүйелі түрде іске асыру, – деген ұстаз Жолдауда айтылған қоғамның саяси өміріне қатысты көкейкесті мәселерге тоқталды.
Аудандық кеңес мүшесі Ұлықпан Әбек, ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекболат Бірбаев Жолдауда айтылған мәселелерге қолдау білдіре отырып, тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету, туризмді дамыту, тағы басқа да мәселелер жайлы ой өрбітті.
Қоғам белсенділерімен кездесу барысында Мәлік Отарбаев Жол­даудың жекелеген тарауларына талдаулар жасады. Қоғамның саяси өміріндегі маңыздылығы, ел ішіндегі, халықаралық тұрғыдағы алатын орны, халықтың әл-ауқатын арттыру, татулық пен ауызбірлікті, мәдениет, тазалық, салт-дәстүр, тәлім-тәрбиені дамыту арқылы жаңа тұрпаттағы мемлекет құру маңыздылығының айрықша екенін атап өтті. Көпшілікті бүгінгідей әлемдік саяси ахуал алаң­датып тұрған шақта ел бірлігін нығайтып, қоғамды дамытуға, тәуелсіз мемлекеттің тұтастығын сақтауға лайықты үлес қосуға шақырды.

Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы