Талғар қаласындағы жаңа шағынаудандағы көшелердің біріне белгілі қоғам қайраткері, ардақты азамат Жолан Омаровтың есімі берілді.
Жасындай жарқылдаған өмірінде Алматы облыстық жер ресурстар басқармасында, одан кейінгі жылдары Кеген, Райымбек, Талғар аудандарында әкім болып, таулы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше еңбегі сіңген Жолан Ыбырайақынұлының есімін талғарлықтар айрықша құрметтейді. Халықтың басына қатер төндірген тәжтажалдың тұсында тыным таппай қызмет ете жүріп, індеттің құрбаны болған арда азаматтың қайғысына аудан жұртшылығының қабырғасы қайысқан. Көп ұзамай жаңа шағынаудандағы көпқабатты тұрғын үйдің қабырғасына Жолан Омаровтың муралы салынып, оның төменгі жағына «Халқымның бағы – өз бағым» атты қанатты сөзі жазылған болатын.
Елдің ерекше ықыласына бөленген арда азаматтың есімін ел жадында мәңгі сақтау қажеттігін аудан жұртышылығы мен қоғам белсенділері көтерген. Халық үні ескерусіз қалмады. Қарыштай дамып келе жатқан Талғар қаласында Жолан Омаров атындағы жаңа көшенің ашылуы салтанатты түрде аталып өтті. «Тірі болғанда шілденің 7-сінде 44 жасқа толар еді» деген елі егіле еске алды. Шараға Жолан Омаровтың ата-ана, туыстарымен қатар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Матан Бекбосынов, «Құрмет» орденінің иегері Нәйла Үмбетова және аудандық мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділері қатысты.
“Осыдан үш жыл бұрын пандемия кезінде Жолан Ыбырайақынұлы өмірден өтті. Сол кезде бүкіл Талғар ауданы және Жоланның есімін білетін қазақ даласындағы ағайын-туған бауырлар қайғырып, оның атқарған жұмысын, ел басқарудағы жаңашылдығын, еңбекқорлығын, адалдығы мен азаматтығын айтып, әлеуметтік желіге жазып жатты. Дәл сол қаралы кезде Талғар ауданының ел-жұрты аудан әкімдігінің алдына Жоланның суреті мен гүл шоқтарын қойып, қоштасу рәсімін ұйымдастырған болатын. Содан бастап ақсақалдар кеңесі мен аудандық мәслихат депуттары бірлесіп, Жолан Омаровтың есімін ел есінде қалдыру мақсатындағы шараларды қолға алу керектігін көтерген. Соның алғашқысы – көпқабатты тұрғын үйдің қабырғасына бейнесі пайда болды. Міне, араға үш жыл салып, сол жаңа шағынауданның көшесіне Жолан Омаровтың есімі берілді. Елдің үніне құлақ асып, құжат жүзінде бекітіп берген жергілікті мәслихат пен облыстық ономастика бөліміне, республикалық ономастикалық комиссияға алғысымыз шексіз”, – дейді ақын Бақыт Жағыпарұлы.
“Жүрегі – аттың басындай,
Жанары – от пен жасындай,
Сәйгүлігі – сайдың тасындай,
Өзі бір туған Асылдай”, – деп жыр арнаған ақын Жанарбек Әшімжан қайралып тұрған шағында қайрақтай морт сынып, қаймана жұртын қайран қалдырып кеткен Ер Жоланды көрмеген көшесінен жарылқасын деген ізгі ниетін білдірді.
Шараның ашылу салтанатына қатысқан ауданның ақсақалдар кеңесі мен қоғам белсенілері де өз ісіне адал мемлекеттік қызметшінің атқарған жұмыстары мен оның алға қойған жоспарлары төңірегінде өз ойларын ортаға салып, ерекше толғаныспен еске алды. «Жолан Омаровтың есімімен аталатын көше тұрғындарының балалары да келешекте халқына адал қызмет ететін абыройлы азаматтар болып тәрбиеленуіне шапағаты тисін!» деген тілектерін арнады.
Ұлбосын Исабек,
Талғар ауданы