Перейти к содержимому
Главная страница » Оң бағасын берді

Оң бағасын берді

     Алматы облысына іссапармен келген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қарасай жеріне де атбасын бұрды. Ауданға келудегі басты мақсаты – «Сәуле Сапар» оңалту және дамыту орталығының жұмысымен танысу.

Светлана Қабыкенқызы алдымен орталық ғимаратын аралап көрді. Министрді аталған орталықтың негізін қалаушы Сәуле Рахымжанова қарсы алып, ерекше балаларды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Министр оңалту орталығының нәтижелі жұмысын оң бағалады. Психо­лог, логопед-дефектолог, емдік жатты­ғумен айналысатын және басқа да білікті мамандардың еңбектеріне тәнті болып, ерекше балалардың қадам басуға деген құштарлығын көріп, өнерге деген ұмтылысын байқады. Сондай-ақ бүлдіршіндердің шат-шадымен көңіл-күйлеріне ортақтасып, жылы лебізін де білдірді.
Кездесу барысында «Сәуле Сапар» қоғамдық бірлестігінің дамуына қатысты мәселелер де талқыланды. Мекеме өкілдері әрбір баланың жаттығуына, дамуына қатысты үкімет­тік емес ұйымға бекітілген стандарт­тарға өзгеріс енгізілсе деген ұсыныс­­тарын білдірді. Мәселен, құқық­тық нормаға сәйкес әр баланың тиісті шаршы метр бойынша төсек-орны болуы тиіс. Ал бұл талап әзірге бұл ғимараттың жағдайына сай келмей тұр. Осы сынды басқа да сұрақтар ортаға салынды.
Светлана Қабыкенқызы бұл ұсыныс­­тардың бәрі ескерілетінін айтып, қазіргі уақытта осындай оңалту орталықтарына қойылған талап­­­тар қайтадан зерделеніп жат­қанын түсіндірді. Алдағы уақытта үкімет­тік емес ұйымдарға лицензия беру тәртібі де, стандарт құқық­тары да өзге­ретінін алға тартты. Сондай-ақ ведомство басшысы бұл мекемеде нәтижелі істер атқарылып жатқаны көрініп тұрғанын ерекше атап өтіп, алдағы уақытта осы қарқын­­мен жұмысты жалғастыру қажет­тігін айтты. Мамандардың да білік­­тіліктерін арттыруды ұмытпау керектігін, өйткені олардың білімді, жан-жақты болуы баланың дамуына жұмсалатынын айрықша жеткізді.
Айта кетер болсақ, талай мүмкіндігі шектеулі балаларға үміт сыйлап отырған «Сәуле Сапар» оңалту орталығына үкіметтік емес ұйым ретінде тіркеліп, ресми түрде жұмыс істеп келе жат­қанына үш жылдай уақыт болып қалды. Осы уақыт аралығында мұнда жүру мүмкіндігінен үміт үзгендердің біразы аяқтарына нық тұрып, қадам­дарын сеніммен басып келеді. Сондай-ақ ерекше бүлдіршіндердің тірек-қимыл­дары қатайып, өнерге деген құштарлығы артуда.
Бүгінгі таңда мұнда әлеуметтік қызмет көрсету бағдарламасы арқылы 125 бала тегін ем қабылдайды. Ал олармен 25 білікті маман жұмыс істеп, әр баланың дамуы жолында табандылық танытуда.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы