Біздің бала кезімізде ауыл кітапханаларында шетел классиктерінің кітаптарымен қатар, том-том болып батырлар жыры сөрелерде қаздай тізіліп тұратын. Ауыл халқы жаппай болмаса да, жырқұмар қауым алып, алқа-қотан отырып, жас балаларға оқытып, рахаттанып тыңдар еді. Келе-келе, «Алпамыс», «Қарақыпшақ Қобыланды», «Қамбар батыр», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» сияқты дастандар күйтабаққа шығып, жалпылама соны тыңдауға көшті.
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Шапырашты Наурызбай,
Қанатын құстай қомдады.
Ел үшін жаным құрбан деп,
Жер үшін жаным құрбан деп,
Қарағай найза толғады, – деп келетін ХVІІ-ХVІІІ ғасыр батырлары жайлы көмбеде жатқан жыр-дастан нұсқалары егемендік алғаy соң кермені бұзған тұлпардай елге жете бастады. Әрине бұл ұлтын сүйген қазақ қайраткерлерінің, тарихшы-ғалымдарының еселі еңбектері еді. Бойларында буырқанып, алпыс екі тамырын сыздатып жүрген әр өңірдің ақын-жыршылары кеудесін кернеп тұрған сөз маржанын мәңгілікке өшпестей етіп тасқа қашай бастады.
Шапырашты шабады «Қарасайлап»,
Жасыл туы желбіреп, бөрілі байрақ.
Шамал хан мен Қаскелеңдей
батырларын
Наурызбайдың бір өзі кеткен жайлап.
Екей, Еміл, Есқожа, Асыл, Шыбыл,
Ақындары шығады «Сүйінбайлап»
Теке, Төлеміс, Әжіке, Орымбет, Кеней,
Асылдың бес баласы туған саңлақ.
Сұраншы мен белгілі Артық батыр,
Теке де туған екен одағайлап», – деп кезінде жырау Кенен Әзірбаев та бабалар туралы толғанысын сарғайған қағаз бетіне мөрледі. Ұлтымыздың асыл қазыналарының жарыққа шығуын қоштамаған, кешегі келмеске кеткен Кеңес дәуірімен бар ғұмыры байланып жатқан үлкендердің өзі өткендерін ауық-ауық естеріне алып, әр кезеңнің қиындығымен қатар жақсылығы болатынын айтып отыратын. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан» деген тәмсіл бар қазақта. Осы орайда бүгінгі мақаламда арғы-бергі тарихтың куәгері, жырдың ішінде аты аталып отырған Шапыраштының Асылынан тарайтын Әйтей, Еспенбет батырлардың тікелей ұрпағы, екі ғасырдың куәгері, биыл жүз деген жасты алқымдап отырған, өзім көрген шежіре, тірі тарих Тілеш ақсақал Жылқыбеков жайлы сөз қозғамақпын.
Кезінде ауылдан шыққан жастардың көпшілігі Еңбек Қызыл ту орденді Қазақ ауыл шаруашылығы институты мен Алматы зооветеринар-малдәрігерлік институтына баратын еді. Оның себебі облыс, аудан, кеңшар-ұжымшар басшыларының бәрі осы институттарды бітіретін де, халықтың жағдайына мейлінше көңіл бөлетін. 1979 жылдың күз айы Алматы ауылшаруашылық институтының дайындық курсына әскерден келген саңлақтар Керімхан Әміров, Есенжол Әлмаханов, Елеусіз Аяпов, Ғали Мұратбаев, мектепті жаңа бітірген Шахимұрат Сағиевтермен, Айгүл Жылқыбекова, Шәкарман Құзатбекова, Ұлдай Жұмабекова, Жеңісбике Кенжебаева, Меңсұлу Қайрошева сияқты арулармен қатар оқуға түскен едік. Институттан шеткерілеу А.Розыбакиев көшесі мен қатарлас Морисо-Торезо көшесінің бойында жатақханада тұрдық.
Не керек, үлкен-кішісі бар, жүзден аса азамат араласа оқимыз. Институттың ректоры кезінде Ауылшаруашылы министрі болған ҚР Ғылым академиясының мүшесі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ауылшаруашылық қызметкері, экономика ғылымдырының докторы, профессор Хайдар Арыстанбекұлы болды. Ал дайындық курсының деканы, ғылым кандидаты Төлеш Тоғанбаев деген ағамыз еді. Екеуі де студенттерге тілектестігін білдіріп жүретін. Көктемде емтиханымызды жақсы тапсырып, біздің нағыз студенттік кездеріміз басталды. Бес жылымыз зымырап өте шығып, институтты да тәмамдадық.
Мен Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Киров кеңшарына жолдама алдым (Кейіннен бұл ауыл Қаракемер атанды). Ол кезде «Саяхат» автобекетінің жарқырап жұмыс істеп тұрған кезі. Киров кеңшарына арнайы автобус жүреді екен. Соған отырып, Алматыдан елу шақырымдай жердегі тау бөктеріндегі үлкен кеңшарға келдім. Екі қабат еңселі ғимараттың алдында кеуделерінде «Кеңес одағының батыры» жұлдыздары жарқыраған, тастан қашалған екі мүсін қасқайып қарсы алды. Біріншісі Рақымжан Тоқатаев та, екіншісі Қашаған Жаманқараев деп бедерленіпті. Қарапайым ел, тегін жер емес екендігі осыдан-ақ байқалып тұрды.
Жоғары қабатқа көтеріліп, сыртындағы тақтада «Бас агроном Еркебай Құлыбеков Құлыбекұлы» деп жазылған бөлменің есігін қақтым. Қара торы, қияқтай қою қара мұртты, шашының алды түсе бастаған, маңдайы қасқалау, жасы отызды орталап қалған азамат отыр екен. «Кел, кір,отыр» деп алдындағы үстелді нұсқады. Отыра салып, келген жайымды айтып, жолдаманы қолына ұстаттым. «Дұрыс екен, қай оқу орнын бітірдің?» деп сұрады. Алматы ауылшаруашылық институтының жеміс-жидек факультетін аяқтағанымды айттым. Түскі ас уақыты да болып қалған, бас агроном екеуміз оның үйіне бардық. Жол-жөнекей жөн сұрасып таныстық. Өзі алдымен Талғардың ауылшаруашылығы техникумын алтын медальмен бітіріп, одан Мәскеуге барып, К.Тимирязев атындағы академияны да қызыл дипломмен аяқтағанын әңгімеледі. Енді ауылға барып, ел-жұртыма институт бітіргенімді айтып, дипломымды көрсетіп келейін деп, негізі бір-екі ай демалысым бар екенін ескертіп қойдым. Жамбыл облысы Байзақ ауданы (ол кезде Свердлов ауданы) Шаханға ауылына тарттым. Шілде, тамыз айын өткізіп, қыркүйек айында Киров кеңшарына жұмысқа келдім. Өзі көңілді жүретін, елмен әзіл-қалжыңы жарасқан бас агроном Еркебай ағам мені директорға алып кірді. Алдында Жезқазған облысы, Ақтоғай ауданында екінші хатшы болып, осында ауысып келгеніне бір жылдан асқан, елуден асып қалған, орта бойлы, бурыл шашты, түсі суықтау, қабағы қатыңқы кісі екен, көзілдірігінің астынан одырая қарап, салқын қарсы алды. Алматы ауылшаруашылық институтын бітіріп, осында жолдамамамен келгенімді айттым. Мән-жайды білген директор агрономға шешуін тапсырды. Ерекеңнің кабинетіне бардық. Екінші бөлімшенің басқарушысына Сейсенбай Байтуов деген азамат келген екен, олар ойласа келе, сол жердің тумасы Ғабиден Жармұхамбетұлы деген 6-бригаданың бригадиріне мені көмекші етіп жіберетін болды. Сол жерден қонақүйге телефон шалып, бір бөлме дайындатып, соған жайғастым. Ертеңіне таңертең басқарушы келіп, мені апарып 6-бригаданың бригадирі және жұмысшыларымен таныстырды. Бригадирім Ғабиден де мен сияқты сүр бойдақ сері екен, бірден тіл табысып, көңіліміз жараса кетті.
Келесі күні мекемеге келіп, кадр бөлімшесіне құжаттарымды өткізіп, шығып тұрсам, институтта дайындық бөлімінен бастап, бес жыл бірге оқыған курстасым Айгүл Жылқыбекова ханымға жолығайын. Ол сол ауылдың қызы болып шықты. Әкесіне барып айтса керек, екі күннен кейін менің жатағыма іздеп келген Айгүл үйіне қонаққа шақырды. 1925 жылы туған, өте ширақ Тілеш ақсақал сол уақытта асқаралы алпысқа шығыпты. Жары Темірғалықызы Күлшахан апамыз өте мейірбан, есігінен кісі арылмаған ел-жұртқа сыйлы, мол пішілген жібек шекпендей жайдарлы кісі екен. Он екі бала өсіріп, бәрін ұлтжанды да қазақы етіп тәрбиелеген кісілерден көрегендік пен даналықтың лебі есіп тұрды. Көрген-білгені мол, шежірелі ақсақал дастарқанының төріне отырғызып, алдыма бас қойып, ел-жұртымды сұрастырып, үлкен кісілерше күтіп, арғы-бергіден әңгіме қозғап, жақсы отырдық. Ол кезде мен жиырма жетіде едім. Мына ақсақалдың мені құрметтеуі «Сен енді жас бала емессің, басшылық қызметің басталады, ендігі жерде сенің орның төр, қарағым, жұмысыңда адал, абыройлы бол» деп тұрғандай көрінді. Рахмет айтып, жатағыма қайттым. Сол жердің азаматтары Болат, Қасымхан, Өмірхан, Бақберген, Бортан, Қайшыбек, Кәмет, Бекболат, Дәулет, Жұмахан, Асыл, Бауыржан, Дәулет, бригадамдағы Әнуар, Елтай, Қозы, Төлеген – бәріміз жұдырықтай жұмылып, бір кісінің баласындай жоғары сыйластықта қызмет жасадық. Артынша ақсақалды жұмысшылардың жетпеуіне байланысты бригадама жұмысқа алдым. Нағыз шежіре де, тарихшы ақсақалмен күніге әңгіме-дүкен құратын болдық.
Бірде ақсақал өткен күндерін еске түсіріп, былай әңгіме бастады: «Қарағым, негізі біздің аталарымыздың мекені Қаратал, Іле өзенінің жағалаулары болған, Наурызбай, Еспенбет, Сатай, Бөлек батырлардың сүйектері сонда жатыр. Аумалы-төкпелі кезеңдерде біздің бабаларымыз Алатау бөктеріне қоныс аударған. Осы ауданда Есік, Түрген, Қаракемер, төменгі Маловодный, Ақши, Қазатком ауылдарында Асыл бабадан тарайтын Қошқар, Теке, Орынбет деген ата ұрпақтары тұрады. Өзің күнде жанынан өтіп жүрген Сатай, Есіктің жанындағы Бөлек, Әймендер кезінде жоңғар шапқыншылығы кезінде үлкен ерлік жасаған тұлғалар. Сатай батыр, Қодар би, кезінде Ресей патшасына, Қытай императорына хат жазған Төле бидің тұстастары. Қаскелең, Ұзынағашты мекендеген Қарасай, Наурызбай, Жәпек, Дәулет, Қаумен, бергі Берсүгір, Сарыбай би, Артық, Бұғыбай, Сұраншы Саурық батырлардың елге сіңірген еңбектері де ерен. Ғұлама Мұхтар Әуезов, «Айтыс өнерінің алтын діңгегі» деп бағалаған Сүйінбай, оның шәкірттері Жамбыл, Үмбетәлі, Саяділ Өмірзақ, Қалқалардың ақындықтары әлі күнге ел аузында. Сонымен қатар Түрген елін мекендеген Жамбылдың шәкірттері Ниязұлы Қарабек, Өсербай, Шәріпжамал, Нұрсапа ақындар, Есік, Түрген өңірін билеген ағайынды Шәутен, Шөпшек, Жүнісбай болыстарды мен өзім көріп, олармен талай дидарласқам. Ауылдың қақ ортасында тұрған Кеңес одағының екі батыры Рақымжан мен Қашаған Шапыраштының Теке атасынан тарайды».
Ақсақал ары қарайғы әңгімесінде: «Біздер балалық шақ дегенді білмедік, 1931-1933 жылдардағы қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтан қазақ халқының жартысына жақыны қынадай қырылғанын көрдік. Әкем Жылқыбек 1934 жылы жаламен сотталып 1935 жылы ақталып келіп, қайтыс болды. Ағам Құсайын, інім Оспан Байжұма, Қожақандар бәріміз әкемнің бауырлары Қалилардың қамқорлығында болдық. 1937 жылы Қойлыбаев Байжұма, Қожақандар бай-құлақтың ұрпағы деп қудаланып, Әліби Жангелдиннің араласуымен атылу, сотталудан аман қалды. Ертеде Қаракемер ауылы Еңбекшіқазақ ауданының орталығы болатын. Осында жұмысшы-шаруа (рабфак) мектебі болды. Ол кезде облыстағы үлкен әрі алғашқы білім ұясы Ораз Жандосов, Тұрар Рысқұловтардың бастамасымен ашылған болатын. Сол бір кезеңде 1937 жылы Ораз Жандосов өкіметтегі қызметінен босап, Қаракемердегі мектепке директор болып тұрған жерінен халық жауы ретінде ұсталып, қамалып еді. Өлім тұрмақ, өкпеге қимайтын қазақтың арыстары атылғанда жас жанымызды қоярға жер таппай, жер бауырлап жатып қалдық қой. Мен кезінде Есік қаласындағы Молотов атындағы мектепті бітірдім. Алдында ұжымшар басқармасының хатшысы, кейін ауылдық кеңестің атқарушы органының хатшысы қызметтерін атқардым. Рабфак мектебінің ветеринарлық-малдәрігерлік бөліміне оқуға түскенімде, ол Талдықорғанға көшіп кетіп, соңынан ере барып, іскерлік тәжірибеден өту барысында сол кездегі бүкіл Кеңес одағына шаруашылық басқару әдісімен үлгі болған, екі мәрте Еңбек ері атағын алған Нұрмолда Алдабергеновтен алған тәлім-тәжірибем арнаулы орта білімді мал дәрігері мамандығын алғаннан соң да өміріме азық болды. Ұжымдастыру кезінде трактордан аяғымды ауыр жаралап алып, соғысқа баруға жарамадым. Тылда шамамыз келгенше Отан қорғаушыларға астық, киім-кешек жіберуге көмек жасадық. 1942 жылы майданға қаражат жинауға үгіт бригадасы шықты, Иса Байзақов, Шара Жиенқұлова, балуан Қажымұқан, тағы басқалар келіп, ел-елді аралап, концерт қойып, цирк өнерлерін көрсетті. Далдабаев Сейсен екеуміз соларға берілген ат арабаларын айдап, көмекші болып, екі-үш ай жандарында болдық. Соғысқа бармаған Сейсен ағам екеуміздің жастық шағымызда қиыншылық пен қызықшылық қатар болды», – деп өмір соқпақтарынан сыр шертіп, өткен шағын сағынып қалатын.
Бұл ақсақалдың тағы да бір ерекше қасиеті – кешегі үлкен ақындарды көрген адамдермен кездесуі. Замана заңғарлары Сәбит Мұқанов, Мұзафар Әлімбаев, Зейнолла Қабдолов, Сұлтанғали Садырбаевтармен тығыз байланыста болып, сол кісілерге өткен күндерден небір мәліметтер беруінің өзі бір тарих. Мысалы, Шәріпжамал ақынның Қызылбөрік Нұрсапамен айтысын, тағы басқа дүниелерді жатқа айтуы өзінше бір әңгіме еді. Қарабек ақынның өлеңдерін жатқа айтып, елге жеткізсе, Жамбыл мен Құланаян Құлмамбеттің Іленің жағасындағы айтыстарын жадында ерекше сақтауына таң қаласың. Құлмамбет пен Жамбылдың сөз сайыстарынан аздап үзінді айтып алып, шумақтарын жатқа соғады. Құлмамбеттің «Сұраншы мен Саурыққа бекер тиіскен екенмін, мені Жамбыл емес, Сұраншының аруағы жеңді» дегенін де аңыз етіп айтып отырады.
Құлмамбеттің оңтүстіктен Түргенге келіп, елмен кездесуін де зердесіне тоқыған.
Аман ба Үшкемпірдің Саймасайы?
Қалқаның үстіндегі күн мен айы.
Сиқымға бұл жақтағы тұтқа болдың,
Аман ба, Қусирақтың Диқанбайы? – деген сияқты шумақтарды түйдегімен жіберіп барып:
Келдің бе, ағайынды Шәутен,
Шөпшек?
Шымкенттен елді ойлап,
келгем көксеп.
Бір жасап, о, дариға, қалар едік,
Олардың сау-сәлемет жүзін көрсек.
Түргеннің түсте келдім қаласына,
Сөзімнің қыл сыймайды арасына, – деген жеріне келгенде, басын шайқап, «Сөз зергері ғой Құлмамбет» деп ақындығына бас иеді де, сөзін ары жалғап:
Өшпейді халық жыры, қартаймайды,
Өшеді деп оны ешкім айта алмайды.
Халықтың жүрегінің түкпірінен,
Төгілген күй, шын жорға
тайпалмайды.
Алтындай ел ішінде сақталынған,
Сұлу жыр судан тұнық шайқалмайды, – деп төрт аяғын тең басқан жорғадай теңселіп, тағы да басқа айтыс, шежірелерді халыққа таратып, Ғылым академиясына тапсыруда үлкен қызмет атқарғанын да айта кету ләзім.
Қарияның ұрпағы Байғазы, Қазыбек, күйеу баласы Дәулеттермен әлі де араласып тұрамын. Елі мен жерінің тыныштығы, болашақ ұрпақтардың есен-сау елге адал қызмет атқаруын Алладан тілеп отыратын абыз бүгінде жүз жасты еңсеріп отыр. Шежірелі қарияға Алаш жұртының алдында абыройыңыз аласармай, аман-есен жүре беріңіз демекпін.
Қойшығұл МҰСТАФАҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері




