Перейти к содержимому
Главная страница » Жастарға жол ашады

Жастарға жол ашады

     Қаскелең қаласында Жастарға қызмет көрсету орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Мұндай ғимарат осы уақытқа дейін Балқаш, Кеген, Райымбек аудандарында бой көтерген. Сондай-ақ Қонаев қаласы мен Іле ауданында коворкинг орталықтары жұмыс істеуде.

Шарада алғашқы болып құттық­тау сөз сөйле­ген облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев жаңа нысанның қолданысқа берілуі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастардың рухани-мәдени әлеуетін көтеру, бос уақытын тиімді пайдалану үшін арнайы заманауи инфрақұрылымды қалыптастыру жөніндегі тапсырмасы аясында іске асырылғанын айтты. «Орталық жастардың шығармашылық, білім және спортта өзін-өзі дамытуға, тың идеяларын жүзеге асыруға жол ашады. Жас буынның игілігіне қызмет етіп, жаңа белестерге жетелейді», – деген Ғани Айдарұлы бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылып отырғанын атап өтті.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Біржан Нұржанұлы: «Еліміздің бас қалалары мен Түркістан облысынан кейін жастар саны бойынша көш бастап тұрған Алматы облысы – мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бағытында инфрақұрылымы мен инсти­туционалдық жағынан дамыған өңірлердің бірі. Бұл орталық жастар­дың көкейінде жүрген жобаларын іске асыруға септігін тигізетіні сөзсіз», – дей келе, биік белесті бағын­­дырған қарасайлық жастардың есімдерін атап, халық­аралық аренада ел намысын қорғап, атын әлемге әйгілеп жүргенін жеткізді.
Шара барысында Кения елінде жастар арасында таэквондодан өткен әлем чемпионатында 1-орын иеленген Қабылан Бейбарыс және оның жаттықтырушысы Серік Садықов марапатталды.
Салтанатты лента қию рәсімінен кейін жиналған қауым орталықтың ішін аралап көрді. Алдымен аудан жастары жасанды интеллект, робото­техника саласындағы жетістік­тері мен жобаларын таны­стырды. Жас ақындар орталықтың ашылу салтанатына орай жырдан шашу шашты. Химия пәнінен қызықты тәжірибелер, заманауи материалдар мен техникаларды пайдалана отырып, сурет салу шеберлік сағаты көрсетілді. Шамалған ауылындағы көпсалалы кәсіптік оқыту колледжінің студенттері жұмысшы мамандарға арналған құрал-жабдықтарды ұсынды. Екінші қабатта коворкинг орталығы, антикафе, онлайн кітапхана бар. Онда Қарасай аудандық Мәдениет үйінің есту қабілеті төмен және саңырау азаматтармен жұмыс істейтін бөлімінің қызметкерлері тігін студиясын ұйымдастырды. Олар көрпе-төсек пен ойыншықтар тігіп қана қоймай, жастарды бұл өнерге тегін үйретеді. Ерекше қамқор­лықты талап ететін жандардың қоғамға бейімделіп, жұмысқа тұруына көмектеседі. Аудандық мансап және жастар денсаулығы орталықтары мен «Отбасы банк» мекемелерінің мамандары жастар­ға бағыт-бағдар көрсетіп, кеңес береді. Мұнда жұмысқа орналасу, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мәселелері бойынша ақпарат алып, психологиялық және құқықтық көмекке жүгінуге болады. Сонымен қатар орталықта түрлі бағыттағы іс-шараларды тегін ұйымдастыруға мүмкіндік бар.
Ғимаратты тамашалаған Қаскелең мәдениет колледжінің 2-курс студенті Аяулым Дүйсебек: «Өз маман­­­дығымызға сай қолөнермен айналы­сып, сурет саламыз. Шығарма­шылық адамы болғаннан кейін жайлы атмосферада жұмыс істеу шабыт сыйлайды. Осындай жағдай жасап берген жандарға алғысым шексіз», – деген лебізімен бөлісті.
Алдағы уақытта мұндай орталық­тарды Еңбекшіқазақ, Талғар, Жамбыл және Ұйғыр аудандарында ашу жоспарланған.

Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА

Қарасай ауданы