Жиында «Жайлы мектеп» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар барысы туралы облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Аят Сәбитұлы баяндама жасады. Оның дерегінше, Алматы облысында үш ауысымда білім беретін 52 мектеп бар, ал «Жайлы мектеп» жобасы арқылы бұл мәселені толықтай шешуге болады. Аят Сәбитұлы жобаны іске асыруда кейбір мектептің жер теліміне қатысты қиындық туындағанын, мәселені шешу жағы да қарастырылып жатқанын айтты.
Әкім Марат Сұлтанғазиев «Жайлы мектеп» жобасы аясында 68 200 оқушыға арналған 63 мектеп салу жоспарланып отырғанын айтты. «28 мектептің құрылысын биыл бастап, келер жылы пайдалануға беруді көздеп отырмыз. Қалған 35 мектептің құрылысын 2025 жылы аяқтау жоспарланған» деді облыс басшысы.
Әкім сонымен қатар «Samruk-Kazyna Construction» компаниясымен бірлесіп, 2025 жылға дейін Қонаев қаласында дарынды балаларға арналған Абай атындағы мектеп-интернат салу жайын да айтты. Ол бойынша мектеп салынатын орын анықталып, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жобалау жұмыстары басталып кеткен.
Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде орта білім беретін заманауи мектептер салуды тапсырып, оған сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іс асырыла бастаған. Жоба мектептердегі орын тапшылығын жоюға, апатты жағдайда тұрған және үш ауысымда оқитын мектептер мәселесін шешуге, балалардың заманауи мектепте оқуына жағдай жасауға, ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын азайтуға бағытталып отыр.