Облыс бойынша экология департаментінде өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту бойынша 2023-2025 жылдарға арналған жол картасының орындалу барысы жөнінде есеп беру жиыны өтті. Отырысты ашқан облыс бойынша экология департаментінің басшысы Қонысбек Байеділов жол картасының орындалу барысы бойынша жарты жылда атқарылған істерді саралау мақсатында жиналып отырғандарын жеткізді.
Жиынға еліміздің бас экологы Мэлс Елеусізов қатысты. Кездесуде облысымыздағы экологиялық бірқатар мәселелер көтерілді. Жол картасында қарастырылған көмірді пайдаланатын кәсіпорындардың зиянын азайту, жаңғырту жұмыстары бойынша «АлЭС» АҚ №3 Жылу электр орталығын өндірістік-техникалық бөлім басшысы Мұрат Олжабаев баяндады. Ол қазіргі таңда көмірді пайдаланатын жылу энергиясын өндіретін кәсіпорындарды газға ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын, осы орайда биыл құжаттарды дайындау, қаржыландыру мәселелері шешілсе, 2025 жылы құрылысын жүргізу, 2026 жылы аяқтау жоспарланып отырғанын, қаржыландыру көлемі 273 млрд теңгені құрайтынын айтты. Көмір пайдаланатын жеке тұрғын үйлердің қалдығын азайту, Алматы қаласына жақын орналасқан Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Қарасай, Талғар, Іле аудандарының қазандықтарын, тұрғын алаптарын, әлеуметтік, өндірістік және өзге де нысандарын газ отынына кезең-кезеңімен ауыстыру бойынша облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы Айдос Тастанов баяндады. Ол бүгінгі таңда барлығы 29000 абонент газбен қамтылғанын, Іле ауданының Көктерек ауылы көгілдір отынға көшірілгенін тілге тиек етті.
Жол картасында қарастырылған көгалдандыру жайы бойынша да есеп сұралды. Биыл облысымыз бойынша 109800 түп ағаш отырғызу жоспарланған. Наурыз, сәуір айларында 36970 түп тал егілген. Қалған ағаштарды күзгі санитарлық тазалау кезінде отырғызу көзделіп отыр. Ал, Қонаев қаласы бойынша 4700 ағаш отырғызылған. Оның 2500-і қылқан жапырақты. Жалпы жыл бойына 11 мың тал егу жоспарда бар.
Су ресурстарын реттеу жайына да ерекше назар аударылды. Бұл ретте су қоймасының ресурстарын пайдалану, жағалау белдеуін санитарлық тазарту, аймақта су басу жағдайын болдырмау туралы жан-жақты сөз етілді. Сорбұлақ көлінің деңгейі 300 метрге дейін төмендеп, аясы да тарылып бара жатқаны айтылды. Көлдің теріс әсері мен экологиялық тәуекелін төмендету мәселесіне де мән берілді. Қонаев қаласының Қапшағай су қоймасының меншік иесін анықтау, су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу жайы да назардан тыс қалмады. Балқаш ауданы Балатопар ауылындағы су арнасын тазалауға да ерекше мән беру керектігі, өйтпеген жағдайда қамыс басып, су ағар жолдар жабылып, жайылып кететіні де тілге тиек етілді. Сондай-ақ, жол картасында айқындалған қалдықтарды басқару, тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарын, өндіріс және тұтыну қалдықтарын уақытша сақтау орындарын қолданыстағы экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкестендіру, тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату, сұрыптау және қайта өңдеу жұмыстарына шағын және орта бизнес субьектілерін тарту мәселелері қаралды. Бұл ретте Қонаев қаласына 200 қоқыс жәшігі қойылған. Қарасай ауданында да бұл мәселе шешімін тапқан. Қазіргі таңдағы үлкен мәселе – қоқыс өңдейтін орындардың санын көбейту. Бірақ кәсіпкерлердің бұл істі ашуына бірқатар кедергілер бар. Ол, біріншіден, жер телімі мәселесі, екіншіден, рұқсат және патент алу. Осы орайда экология мамандары бұл істі жеңілдетуді алға тартты.
Жиын барысында сөз алған Мэлс Елеусізов күл-қоқысты бөліп тастауға дағдылану керектігін, ортақ қоқысты бөлу үлкен қиындық тудыратынын айтып, бұл істі ретке келтіру қажеттігіне баса тоқталды. Қала кеңейіп, күл-қоқыс полигондарының қатары арта түсуі табиғатқа да зиянын келтіретінін, осы орайда қоқысты өңдеу ісін жандандыру қажеттігін жеткізді.
Алма Есенбай,
Қонаев қаласы