Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында Алматы облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Әсет Жаманбаев атқарылған жұмыстар жайын баяндады.
Оның айтуынша, экономиканың қарқынды дамуы және криптовалюталар мен өзге де цифрлық қаржы активтерін пайдалануға деген қызығушылықтың артуы заңсыз қаржылық операциялар қаупін күшейтіп отыр.
– Қаржылық мониторинг агенттігі есептік кезеңде цифрлық активтердің заңсыз айналымын анықтау, жолын кесу және оның алдын алу, сондай-ақ цифрлық ортада қаржылық барлау тетіктерін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізді. Қылмыстық жолмен алынған криптовалюталарды қадағалауға мүмкіндік беретін заманауи әрі тиімді құралдарға қол жеткізуді қамтамасыз ететін «КРИПТОН» басқармасының құралдары белсенді түрде пайдаланылуда. Сонымен қатар блокчейн-талдау жүргізу, деанонимизациялау және қылмыстық істерді жан-жақты тергеу үшін маңызы бар жекелеген зерттеулерді жүзеге асыру дағдыларына ие білікті мамандар тартылған. Негізгі назар цифрлық активтерді пайдалану арқылы қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және террористік қызметті қаржыландыру белгілері болуы мүмкін операциялар бақылауға алынуда, – деді ол.
Спикердің айтуынша, қылмыскерлер қаражаттың шығу көзін жасыру мақсатында цифрлық құралдарды белсенді түрде қолданады. Әдетте бұл схема келесідей жүзеге асады: «наркодүкендердің» иелері мен интернет-алаяқтар ақша қаражаттарын банктік шоттарға немесе криптовалюта түрінде айырбастау сервистерінің әмияндарына аударады. Кейін алынған сомалар конвертацияланып, күрделі транзакциялар тізбегі арқылы өткізіледі, бұл олардың шығу тегін жасырып, қаржылық ағындарды шатастыруға мүмкіндік береді. Мұндай қызметтерді көрсеткені үшін делдалдар сыйақы алады, ал операцияларды жүргізу барысында көбіне жалған тұлғалардың банктік карталары мен электрондық әмияндары, яғни дропперлер пайдаланылады. Нәтижесінде заңсыз айырбастау пункттері көлеңкелі қаржы айналымының белсенді қатысушыларына айналып, «кәсіби жылыстатушылар» рөлін атқара отырып, қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыруды және оны шетелге шығаруды қамтамасыз етеді. Қаржылық мониторинг агенттігі цифрлық активтермен жүргізілетін операциялардың ашықтығын қамтамасыз ету және оларды заңсыз мақсаттарда пайдалану тәуекелдерін төмендету бойынша мақсатты жұмыстарды жалғастыруда.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ
