Перейти к содержимому
Главная страница » Бүгінгі идея – ертеңгі жетістік

Бүгінгі идея – ертеңгі жетістік

     Қарасай ауданы Береке ауыл­дық Мәдениет үйінде «Obrain» балаларды дамыту орталығының негізін қалаған, қаржылық сауат­тылық саласының тәжіри­белі маманы Жанар Тұрғынбаева «Білім. Қаржы. АІ» атты семинар ұйымдастырды. Аталған шараға мұғалімдер, ата-аналар, оқушылар, сондай-ақ түрлі саладан спикерлер қатысты.

Семинарды ашқан Жанар Аманжол­­­қызы қатысушылардың білім саласын­дағы жаңа бағыттарды, қаржылық сауаттылықтың негіздерін, жасанды интеллектіні қолданудың маңызын және басқа да тақырыптарды бірге талқылауға жиналғанын жет­кізді. Қаржы тақырыбы бойынша сөз алған ол аудиторияны ақшаны дұрыс пайдалану, қаражат жинау мәдениетін қалыптастыру туралы құнды мәліметтермен таныс­тырды. Ал Мөлдір Дөнесқызы өзі негізін қалаған «Samgay» даму және шығар­машылық орталығының тарихы, жұмысы мен жүзеге асырылып жатқан жобалары туралы әңгімеледі. Спикер спортпен айналысу, өнер және қолөнермен шұғылдану, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысу адамның жан-жақты дамуына ықпал етіп, елімізден тыс жерлерде сапалы білім алуға кең мүмкіндік ашатынын ерекше атап өтті.
Цифрлық дәуірде жасанды интеллект – АІ-дің рөлі зор. Бұл тақырыпты Мәскеу жоғары оқу орындарының бірінде білім алған Қазыбек Қобылан тарқатты. АІ – заманауи технологияның бір өнімі. Ол баршаға қолжетімді, арнайы дағдыларды қажет етпейді. Әмбебаптылығының арқасында мұғалімдер, оқушылар, студенттер, бизнес өкілдері секілді әртүрлі санаттағы адамдар үшін тиімді құрал бола алады. Күрделі тақырыптарды түсіндіру, тест пен емтиханға дайындалуда материалды жүйелеу, қысқаша конспекті мен негізгі формуланы дайындау, математикалық есептердің шешімін қарапайым қадамдарға жіктеу арқылы оқу про­цесін жеңілдетеді.
Жиында Fulbright TEA бағдар­лама­сының финалисі, халықаралық деңгейде қызмет ететін педагог Бану Аманжол­қызы «Кәсіби бағдар және ағылшын тілінің мүмкіндіктері» тақыры­бында баяндама жасады.
Ол шетел­­дегі білім беру жүйесі, халықа­ралық оқу бағдарламалары, ағылшын тілінің жастар үшін артық­шылығы, мамандықты дұрыс таңдау жолдары, сондай-ақ оқушы­ларға кең мүмкіндік ашатын грант пен конкурстар туралы айтып берді.
Семинар барысында Жанар Аманжол­­қызы өзінің «Бай – Бала – Береке» атты жобасын таныстырды. Бұл – 2026 жылдың 19 қаңтарында бастала­тын үш айлық қаржылық сауат­­тылық курсы. Курстан кейін қатысу­­шыларға сертификат беріледі. Маңыздысы – балалар үшін курс ақылы болғанымен, олардың ата-аналары үшін тегін. Сонымен қатар аудандағы көптеген мектепте қаржылық сауат­тылық бойынша оқыту семи­нарлары өткізілмек.
Жиын барысында құрметті қонақтар да сөз алды. «Ана мен бала» қайырым­дылық қорының жетекшісі, Қарасай аудандық мәслихатының депутаты Әлия Сәтбаева қор жұмысы туралы айтып, жастарды осы игілікті іске белсенді атсалысуға шақырды. Оның айтуынша, соңғы жылдары елімізде волонтерлік қозғалыс қарқынды дамып, әлеуметтік қолдау көрсету ауқымы кеңейіп келеді.
Қарасай аудандық отбасын қолдау орта­лығының жетекшісі, аудан­дық мәслихат депутаты Елена Константинова және Қарасай аудандық орталық ауруханасының медико-әлеуметтік және психологиялық қызметінің жетекшісі Дана Тәждинова халыққа, әсіресе қиын жағдайға тап болған отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік көмек туралы айтты. Олар тәулік бойы жұмыс істейтін «150» және «111» сенім телефондарының маңызын атап өтті.
«150» – балалар мен жастарға арнал­ған көпжылдық тәжірибесі бар психо­логиялық қолдау қызметі, ал «111» – балаларға, жасөспірімдерге, әйелдерге және отбасыларға арналған сенім телефоны. Бұл нөмірге хабар­ласу арқылы психологиялық және заңгер­лік жедел көмек, құқық қорғау, зорлық-зомбылық, буллинг, әлеумет­тік қолдау және басқа да қиын жағдай­ларға қатысты кеңес алуға болады.
«Re Women» қауымдастығы Алматы облыстық филиалының төра­ғасы, «Зияткер» интеллектуалды орта­лығының негізін қалаушы Әсел Жылқыбаева «Әйелдер көшбас­шылығы, жастарды дамытуға шақыру, білім берудің жаңа мүмкіндіктері» тақырыбын көтерді. Құқық қорғау органдарының өкілі, полиция капитаны Абылайхан Сәкенов қатысушыларға алаяқтық түрлері туралы айтып, олардан сақ болуға шақырды.
Қорытынды сөзінде Жанар Аманжол­қызы бұл шараның пайдалы ақпарат алмасуға, тәжірибе бөлісуге, заманауи білім мен технологияларды бірлесіп меңгеруге мүмкіндік бер­генін атап өтті. Қаржылық сауат­тылық пен жасанды интеллект – болашақтың негізгі кілті екенін айта келе, аталған семинар жастардың жүре­гіне жаңа идеялар ұялататынына сенім білдірді.

Қуат Қайранбаев

Қарасай ауданы