«Алатау әуендері» шығармашылық ұжымы Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен және облыс әкімдігінің қолдауымен Брюссель төрінде концерт өткізді.
Бұл мәдени шара Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ арасындағы стратегиялық әріптестіктің 10 жылдығына, сондай-ақ қазақтың дара тұлғасы, ұлы композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналды.
«Алатау әуендерінің» қалыптасуына негіз болған «Құлансаз» фольклорлы-этнографиялық ансамблі 1979 жылы Қазақстанның Халық әртісі, көрнекті композитор Әсет Бейсеуовтің бастамасымен құрылған. 2011 жылы Алматы облысы әкімінің қолдауымен аталған ұжым «Алатау әуендері» мемлекеттік коммуналдық-қазыналық кәсіпорны болып қайта жаңғырды. Бүгінде оның құрамында «Құлансаз» фольклорлы-этнографиялық ансамблі, «Құлансаз» би ансамблі, сондай-ақ әртүрлі бағыттағы әншілер де бар. Олар тек орындаушылықпен шектелмей, музыкалық студия жұмысы арқылы шығармашылық жобаларды жүзеге асырып, жаңа туындыларды жарыққа шығаруда. Сонымен қатар дәстүрлі, классикалық және эстрадалық музыканы тоғыстырып, полистилизм бағытында ізденісін арттырып келеді.
Талантты жандардан топтастырылған шығармашылық орта республиканың түкпір-түкпірінде, сонымен қатар Қытай, Моңғолия, Ресей, Польша, Германия, АҚШ, Әзербайжан, Тәжікстан, Үндістан, Франция, Иордания, Қырғызстан сияқты алыс-жақын шет мемлекеттерде өнерсүйер қауымды қазақ мәдениетінің тұнығына қанықтырып, ел мерейін үстем етуде. Бельгия сапарында да шеберліктерін паш етті.
– Қай елге барсақ та, ыстық ықыласпен қарсы алып, ерекше сезімге бөлейді, шабыттандырады. Бұл ұлттық болмыстың әлемдік деңгейде танылып келе жатқанын көрсетеді. Бельгия елінде де көрермен қошеметінен соны аңғардық. «Алатау әуендері» ансамблінде еңбек етіп келе жатқаныма 13 жылдан асты. Ұжымда консерваторияны бітірген, өз ісінің нағыз мамандары жұмыс істейді. Мұндай орта рухани өзегіңді берік етеді, үнемі ізденіске жетелеп, өнерге деген жауапкершілігіңді арттырады. Бір-бірімізден үйреніп, тәжірибе алмасу арқылы кәсіби деңгейімізді жетілдіріп отырамыз. Біздің ансамбльдің басты ерекшелігі – әрбір аспапты жеке солист ретінде қарастыруы. Бұл орындаушылардың мүмкіндігін толық ашып, сахнада өзін еркін әрі сенімді сезінуіне жол ашады, шығармашыл адамға еркіндік сыйлайды, – дейді «Құлансаз» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің аспапшы әртісі Айдын Баекенова.
Концертке жиналған қауым дәстүрлі өнердің жауһарына құлақ түріп, күйдің рухты үнінен нәр алды. Мың бұрала билеген бишілердің келісті қимылы, әлемдік деңгейдегі музыканың ұлттық аспаптарда шебер орындалуы көрерменнің көңіл пернесін шертті. Бельгиядағы қазақтар төл композиторлардың әндерін қосыла шырқап, туған елге деген сағынышын басты. Еуропалықтар да әуен әуезіне тербеліп, дәстүрлі өнердің бояуын жүрек төріне құйды. Құрмет көрсеткен қауымға ұлттық кәдесый табысталып, қазақтың дархан мінезін әлем жұртшылығына танытты.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА




