Перейти к содержимому
Главная страница » Өндіріс ошақтарын аралады

Өндіріс ошақтарын аралады

    Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Жанболат Жөргенбаев Қарасай ауданында болып, өңірдегі заманауи өндіріс орындарын аралады. Халық қалаулысын облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев, облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев және аудан әкімі Жасұлан Естенов қарсы алып, өңірде атқарылып жатқан ілкімді істермен таныстырды.

Мәртебелі мейман алғашқы атбасын тіреген кәсіпорын – жылқы сүтінен құрғатылған саумал мен ешкі сүтінен балаларға арналған тағамдар шығаратын «Neo Milk» зауыты. Қонақтарды қарсы алған өндіріс орнының негізін қалаушы әрі бас директоры Болат Аманбаев еліміздегі баламасы жоқ кәсіпорынның тарихы жайлы баяндап, өндіріс процесін таныстырып өтті.
– Біздің компания нарықта 2017 жылдан бастап жұмыс істеп келеді,­– деді Болат Бейсенғалиұлы. – Алдымен біз шетелде өндірілген дәрі-дәрмектерді дистрибуциялаумен және БАД-тарды импорттаумен айналысқанбыз. Кейін Астана маңында құрғақ бие сүтін өндіру қолға алынғанын білген соң, осындай зауыт ашып, тек құрғақ сүт емес, бие, түйе және ешкі сүті негізіндегі биологиялық белсенді қоспалар өндіру идеясын жүзеге асыруды ойластырдық. Өндірісті іске қосу үшін жеке инвестиция тарттық. Қазір өніміміз ұнтақ және капсула түрінде шығарылады. Өнімге сұраныс өте жоғары болғаннан кейін, ешкі сүтінен арнайы тағам өндіруді сынап көрген едік. Бұл ісіміз де оң нәтиже берді. Қазіргі кезеңде біз саумалдан басқа құрғақ ешкі сүтін балалар тағамы форматында өндіреміз. Сонымен қатар бие, ешкі және түйе сүті негізінде биологиялық белсенді қоспалар мен арнайы тағам өнімдерін халыққа және зиянды өндірістерде жұмыс істейтін адамдарға арнап шығара бастадық. Алдағы уақытта өндіріс қуатын арттырып, жұмыс орындарының санын 500-ге дейін жеткізу жоспарымызда бар. Қазір бізде 250 қызметкер жұмыс істейді.
Зауыттың қол жеткен табыстарымен бірге, шешімін күткен мәселелер жайында мәлімет алған сенатор кәсіпорынның жұмысына жоғары баға берді. Осыдан кейін жұмыс тобы Елтай ауылдық округіне қарасты Көкөзек ауылында орналасқан «Kelun – Kazpharm» фармацевтикалық зауытына барды. «Келун» корпорациясы Қытайдағы фармацевтикалық компаниялар арасында және дәрілік заттарды сату көлемі бойынша ең ірі сауда компанияларының алғашқы ондығына енеді. Ал «Kelun – Kazpharm» фармацевтикалық зауыты 2014 жылы жұмысын бастап, қазіргі таңда ел аумағындағы ең ірі фармацевтикалық өнім өндіруші саналады.
Зауыттың өндірістік қуаты екі желі бойынша фармацевтика­лық өнімді үлкен көлемде шығаруға мүмкіндік береді. Инвес­тициялардың жалпы көлемі 60 млн АҚШ долларын құрайды. Мұндағы барлық өнім Жапония мен Тайваньда өндірілген заманауи жабдықтарда сынақтан өтеді, сондай-ақ Сингапурдан импортталатын шикізат қолданылады.
Жылдық өндіріс көлемі 150-ден астам өнім атауын қамтиды, ал пластикалық құтылардағы инфузиялық ерітінді­лердің өндірістік қуаты жылына 120 миллион данаға жетеді.
Еліміздегі ірі фармацевтикалық кәсіпорынның жұмысымен танысқаннан кейін Жанболат Әкебайұлы ұжым алдында тұрған міндеттер мен түйінді мәселелер жөнінде әңгімелесті. Зауыт құрылтайшыларының бірі әрі директоры Мерей Сламұлы негізінен жергілікті тұрғындар еңбек ететін өндірістің бүгіні мен болашағы жайлы ойларын ортаға салып, Алматы маңындағы кептелістердің салдарынан шикізатты жеткізу және дайын өнімдерді шығару мәселесі өзекті болып отырғанын алға тартты. Бұл тұста айналма жолдардың сапасы мен тиімділігін арттыру, зауытқа теміржол тармағын жүргізу тасымалдау жұмыстарын әлдеқайда жақсартатыны да сөз болды.
Ары қарай іссапарын Жамбыл ауданында жалғастырған Жанболат Жөргенбаев Үңгіртас ауылындағы «Plast Invest Production» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пластикалық құбыр шығаратын зауытында болып, ұжыммен кездесті.
Сенаторды кәсіпорын жұмысымен аталған серіктестіктің бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Өмірғали Шпекбаев таныстырды. Мұнда полиэтиленнен түрлі өлшемдегі құбырлар өндіріледі. Ол ауызсу, газ және кәріз жүйелеріне арналған. Сонымен қатар пластикалық ыдыстар, фланецтер, шыны-пластик арматуралар шығарады. Айтуынша, отандық полимер материалдары нарығында мұндай тауарларға сұраныс күрт өсуіне байланысты зауыт 2009 жылы ашылған. Зауыт аз уақыттың ішінде нарықта өз орнын тапты. Жүз адам еңбек ететін компания озық технологиялармен жабдықталған.
Кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлерін толғандырған мәселелер, отандық өндірісті қолдау мен еңбек жағдайын жақсарту бағытындағы ұсыныстар талқыланды. Жанболат Әкебайұлы ұжымның пікірін тыңдап, көтерілген сұрақтардың назардан тыс қалмайтынын жеткізді.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ,
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Қарасай, Жамбыл аудандары