Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің дамуында жаңғырудың жаңа әрі жауапты кезеңі басталғанын атап өтті. Бұл туралы Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген сұхбатында жан-жақты тоқталып, ел болашағына бағытталған негізгі басымдықтарды айқындады. Президенттің айтуынша, баспасөз арқылы халықпен ашық диалог жүргізу – елдегі өзгерістердің мәні мен мақсатын түсіндірудегі маңызды тетікке айналған.
Сұхбат барысында мемлекет дамуының стратегиялық бағыттары, саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың мазмұны кеңінен сөз болды. Қасым-Жомарт Тоқаев әділетті Қазақстан құру жолында мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, экономиканы әртараптандыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру басты міндеттер екенін атап өтті. Бұл қадамдар елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Президент сондай-ақ қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, кез келген реформа қоғамның қолдауынсыз жүзеге аспайды. Сондықтан азаматтардың белсенділігі мен жауапкершілігі – жаңғырудың басты тірегі. Әрбір қазақстандық ел болашағына бейжай қарамай, ортақ мақсат жолында еңбек етуі қажет.
Мемлекет басшысы заң мен тәртіпке негізделген, әділ әрі ашық қоғам құру – баршаға ортақ міндет екенін баса айтты. Бұл бағыттағы жүйелі реформалар Қазақстанды қуатты, бәсекеге қабілетті және өркениетті мемлекетке айналдыруға негіз болады.
Президенттің сұхбаты еліміздің жаңғыру жолындағы нақты қадамдарын көрсетіп, Қазақстанның даму бағыты айқын әрі сенімді екенін дәлелдейді. Алға қойылған мақсаттар мен міндеттерді бірлесе жүзеге асыру – Әділетті Қазақстанды қалыптастырудың берік кепілі.
Ғалия Сағымбекова,
“Асқар Тоқпанов” БПҰ төрайымы, Іле ауданы №42 орта мектептің директоры





