Алматы облысының мәслихаты облыс әкімдігінің қаулысы негізінде Іле, Кеген, Талғар аудандарында он ауыл мен ауылдық округ атауын өзгерту туралы шешім қабылдады. Елдімекендер атауын өзгерту туралы шешім үш аудан халқының пікірлерін ескере отырып, өкілді және атқарушы органдардың ұсынысы бойынша облыстық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде қабылданған.
Құжат бойынша, Іле ауданында Энергетический ауылдық округін Өтеген батыр ауылдық округіне, КазЦИК ауылдық округін Асқар Тоқпанов ауылдық округіне, Энергетический ауылдық округі Покровка ауылын Кенен Әзірбаев ауылына, Чапаев ауылдық округі мен Чапаев ауылын Байкент ауылдық округі және Байкент ауылына, Междуреченск ауылдық округі мен Междуреченск ауылын Ақсай ауылдық округі және Ақсай ауылына, КазЦИК ауылдық округі Комсомол ауылын Жайнақ ауылына, Талғар ауданындағы Панфилов ауылдық округінің Қызыл Ту-4 ауылын Жібек жолы ауылына, Кеген ауданында Жалаңаш ауылдық округі Жалаңаш ауылын Жалағаш ауылына өзгерту ұсынылып отыр.
Қаулы Ашық нормативтік құқықтық актілер порталында көпшілік талқылауына шығарылған.