Бүгінде облыс аумағында халыққа тиімді муниципалдық автобустардың саны артып келеді. Бұл – қалаға қатынап жұмыс істейтін тұрғындар, оқу оқитын жастар үшін өте тиімді. Өйткені бұрынғыдай таксиге ақша шығарып шығындалмай, қоғамдық көліктер арқылы діттеген жеріне жете алады.
Қонаев қалалық әкімдігінің дерегіне жүгінсек, бұған дейін қалада 9 бағыт бойынша 28 автобус қатынаса, оның қатарына 1 маршрут, 5 қоғамдық көлік қосылған. Жаңа бағыттағы автобустар Қонаев пен Кербұлақ, Ақөзек ауылдары арасын жалғайды. Қалған 4 автобус қалаішілік бағыттарды қамтиды. Жалпы алғанда, халыққа 33 автобус қызмет көрсетуде. Оның ішінде 6 бағыт қалаішілік болса, 5-еуі елдімекендерге қатынайды.
Жауапты сала мамандарының айтуынша, былтыр Қонаев қаласы әкімінің қаулысына сәйкес, қала аумағында жолаушыларды әлеуметтік маңызы бар тұрақты тасымалдау және сараланған тарифтер белгіленген. Сонымен қоса, жолаушылардың кей санаттарына жеңілдіктер қарастырылған. Мысалы, студенттер, мектеп оқушылары, зейнеткерлер жолақының 50%-ын ғана төлейді. Ал көпбалалы аналар, 1-2-3-топтағы мүгедектігі бар адамдар, 18 жасқа дейінгі ерекше балалар мен оларды алып жүретін адамдар қоғамдық көлікте тегін жүре алады.
Ерзат АСЫЛ
