Ел дамуына сүбелі үлес қосып, тынымсыз тірлік етіп жүрген еңбек адамдары қашанда үлкен құрметке лайық. Сондай айрықша құрмет пен ілтипатқа лайықты жанның бірі – «Дархан» шаруа қожалығы және «Өркен дала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Дархан Сонабаев.
Аграрлы өңірдің тасын өрге дөңгелетіп жүрген іскер азамат 2009 жылы Береке ауылынан «Дархан» шаруа қожалығын құрып, ірі қара өсіруді қолға алған. Ал 2018 жылы суармалы егіс алқабынан 1000 гектар жер алып, «Өркен дала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, егін егумен айналыса бастайды. Былтыр шаруашылыққа тиесілі егіс алқаптың 200 гектарына күріш, 200 гектарына бидай сеуіп, мол өнімге кенелсе, ал қалған суармалы егістік алқапқа көпжылдық жоңышқа шөбін егіп, қысқы мал азығын жинады.
Мал және егін шаруашылығын қатар дамытқан іскер азамат бүгінде 20-дан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Мал тұқымын асылдандыру мақсатында 2023 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында қомақты қаражат алып, 870 бас «Герефорд» асыл тұқымды ірі қараларын сатып алған. Қазіргі таңда асыл тұқымды ірі қараларын төлдетіп, мал басын көбейтіп, оларды қыстан аман шығару қамына кірісіп кеткен.
Қазақта «Қолы ашықтың – жолы ашық», «Атына заты сай» деген әдемі тәмсіл бар. Біз әңгіме арқауына айналдырған Дархан да жүрген жерінде жомарттық танытып, қиналған жанға көмек қолын созып, ауыл ішінде ұйымдастырылатын мерекелік іс-шараларға демеушілік көрсетіп, қайырымдылық істерге де өз үлесін қосып келеді.
Пейілі кең, жомарт жан – ауыл азаматтарының қолдауымен Береке ауылында бой көтерген мешіттің құрылыс жұмысына және аудан орталығындағы «Д.Қонаев» атындағы саябақ төрінен орын алған ұлы тұлға ескерткішіне қаржылай үлесін қосқан азаматтың бірі.
Дархан Тыныштықұлының ел игілігі үшін сіңірген еселі еңбегі ескеріліп, 2022 жылы Дінмұхамед Ахметұлының 100 жылдығына орай «Д.Қонаев» қорының мерекелік медалімен марапатталды.
Өткен жылдың соңында ол Мемлекет басшысының қатысуымен Астана қаласында өткен ауылшаруашылық форумына қатысып қайтты. Сонымен қатар Қонаев қаласында ұйымдастырылған Ауыл шаруашылығы күнінде ҚР Премьер-Министрінің Алғыс хатымен марапатталды. Осындай қуанышты сәтте Дархан Тыныштықұлымен сұхбаттасқанымызда ол: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп Абай атамыз айтпақшы, әрбір адам тынымсыз тіршілік ету керек. «Мемлекет маған не береді?» деп алақанды жайып қарап отырған дұрыс емес. Істің көзін тапқан, ерінбей еңбек еткендердің жағдайлары жақсы болатынын өмірдің өзі дәлелдеп отыр», – деді.
Осы сөзден-ақ Дарханның нағыз еңбексүйгіш азамат екенін байқауға болады. Ол тек өзі ғана еңбектеніп қоймай, айналасындағы жандарды да еңбексүйгіштік қасиетке баулып жүр.
Еселі еңбегімен ел-жұртқа сыйлы азамат отбасында да қадірлі жан, адал жар, үш баланың үлгі тұтар әкесі.
Адал еңбек пен маңдай тердің игілігі, әрине, өз алдына маңызды дүние. Еңбек жасамай, ешқандай жетістікке жету мүмкін емес. Осыны бала жасынан ескерген кәсіпкер бүгінде табын-табын мал өсіріп, жайқалтып егін егіп, еселі еңбек етіп келеді.
Өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, адал еңбек ету арқылы ел құрметіне бөленіп жүрген Дарханның алдына қойған мақсат-арманы жетерлік. Еселі еңбек иесінің сол тілегіне жетеріне кәміл сенеміз.
Бақтығали ДӘУІТБАЙ
Балқаш ауданы




