Қарасай ауданы Бұлақты ауылының тұрғындары «Келешек мектептері» жобасы аясында салынып жатқан 1200 орынды заманауи мектеп ғимаратының пайдалануға берілуін тағатсыздана күтуде. Бұған дейін ауылда тек бастауыш мектеп қана болғандықтан, жоғары сынып оқушылары басқа елдімекендердегі білім беру ұйымдарына қатынап оқуға мәжбүр.
Аталған нысанды пайдалануға беру 2025 жылға жоспарланған болатын. Алайда күтпеген қиындықтардың туындауына байланысты құрылыс жұмыстары біраз уақытқа созылып кетті. «УКС» ЖШС-ның техникалық қадағалау сарапшысы Тұрсынхан Бейсенбаев бұл жайды былай деп түсіндірді: «Құрылысшылар 2,8 гектар жер телімін қамтитын жаңа білім ордасы салынатын аумақта жерасты суының екі метр тереңдікте жатқанын анықтаған. Бұл мәселені шешу үшін шамамен алты мыңға жуық қада қағуға тура келді. Сондай-ақ, маңызды мәселелердің бірі – нысанға әлі күнге дейін электр және газ желілерінің толық тартылмауы. Жақын күндері электр қуаты мен жылу беріледі деп күтілуде, бұл жұмыстардың қарқынын жеделдетуге мүмкіндік береді».
Бас мердігер – «ҚҰРЫЛЫСШЫ-ТБС» компаниясының құрылысшылары жалпы аумағы 10 300 шаршы метрді құрайтын, тоғыз блоктан тұратын үш қабатты, кең әрі жайлы ғимаратты тұрғызды. Атап айтқанда, «В» блогында – бастауыш сынып оқушылары, «Б» блогында – орта буын, ал «А» блогында жоғары сынып оқушылары білім алатын болады.
Жаңа мектепте 197 орынды акт залы, 255 орынды асхана, үш спортзал қарастырылған. Сонымен қатар арнайы жабдықталған оқу кабинеттері, еңбек шеберханалары, кітапхана және оқу үдерісін мазмұнды, қызықты әрі тиімді ететін басқа да қажетті нысандар бар.
Қазіргі таңда құрылыс алаңында 94 адам еңбек етіп, сегіз техника жұмылдырылған. Ғимараттың қасбетін әрлеу және спортзалдың ішкі жұмыстары жүргізілуде. Отандық өндірістегі мектеп жиһаздары жеткізілді. Іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары да аяқталуға жақын.
Аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Бағлан Әбішеваның айтуынша, жаңа мектепте 700-ден астам бала оқуға дайын. Бастауыш сынып мұғалімдері ауыстыру тәртібімен қабылданса, қалған педагогтер конкурс негізінде жұмысқа алынады.
Айта кетейік, соңғы екі жылда ауданда 12 жаңа мектеп салынды, оның жетеуі «Келешек мектептері» жобасы аясында бой көтерген. Бұлақты ауылындағы білім ордасы осы жоба бойынша ауданда салынған сегізінші мектеп болмақ.
Қуат Қайранбаев




