Кешегі Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің тарихи-мәдени мұраларын сақтау мен дәріптеудің маңыздылығына ерекше тоқталды. Президент Қазақстан аумағында танымдық әрі тағылымдық мәні зор тарихи орындар мен құнды жәдігерлердің мол екенін атап өтті. Бұл ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты «Қазқайтажаңарту» РМК ұжымында еңбек етіп келе жатқан ғалымдар мен кәсіби мамандарды айрықша қуантты. Себебі 50 жылдан астам уақыт бойы Қазақстандағы тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау мен қайта жаңғырту ісіне қызмет етіп келе жатқан мекеме – Президент сөзінде аталған мемлекет қорғауындағы тарихи ескерткіштерге ғылыми реставрация жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді.
Президент атап өткендей, Жаркент мешіті мен Алматыдағы Вознесенск кафедралды шіркеуі – халқымыздың мәдени әралуандығы мен өзара татулығын айшықтайтын бірегей сәулет ескерткіштері.
Биыл «Қазқайтажаңарту» РМК Жаркент мешітіне ғылыми реставрация жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қаратау петроглифтеріне, Қызылорда өңіріндегі Сауысқандық пен Түркістан облысындағы Арпа өзенінен табылған жалпы саны 17 мыңға жуық петроглифке ерекше назар аударды. Төрт мың жылдық тарихы бар таңбалы тастар халқымыздың рухани тамырының тереңде жатқанын дәлелдейді. Президент осы сынды құнды тарихи ескерткіштер мен ұлттық дәстүрлердің ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енуге әбден лайық екенін айтып, құзырлы органдарға нақты тапсырмалар жүктеді. Бұл тұрғыда «Қазқайтажаңарту» РМК ұзақ жылдық тәжірибе мен кәсіби біліктілікті ұштастыра отырып, алдағы уақытта аталған нысандарды ЮНЕСКО тізіміне енгізуге атсалысуға дайын.Өйткені мекеме еліміздегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сынды бірқатар нысандарды ЮНЕСКО талаптарына сай реставрациялау, ғылыми зерттеу және зерделеу жұмыстарын жүргізу бойынша бірегей тәжірибе жинақтаған.
«Қазқайтажаңарту» РМК Мемлекет басшысының Құрылтайда айтқан тарихи-мәдени мұраларды сақтау, қалпына келтіру және ғылыми тұрғыда зерттеу жөніндегі бастамаларын іске асыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Аталған ескерткіштерді қорғау – тек өткенге тағзым емес, болашақ ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілігіміз. Қызылордада өткен V Ұлттық Құрылтай тарихи-мәдени мұраны қорғаудың жаңа кезеңін айқындады. Ұлт тарихын ұлықтау жолындағы іргелі істеріміз жалғаса берсін!
Олжас Шариязданов,
«Қазқайтаңжаңарту» РМК бас директоры, тарих ғылымдарының кандидаты





