Қонаев қаласында облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында «Stop corruption» атты оқушылармен кездесу өтті.
Алдымен жемқорлықтың түбі тығырыққа тірейтіні, адал еңбек қана бақытқа жетелейтіні жайлы бейнеүзінді көрсетілді. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Дархан Мұхамедияров мұндай заңсыз әрекетке барған жағдайда қандай шаралар қолданылатыны жайлы ақпарат берді. Қатысушылар өз ойларын ортаға салып, пікір алмасып, спикерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.
– Сыбайлас жемқорлықпен күрес тек уәкілетті органның ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігіндегі мәселе. Қандай да бір заңбұзушылық болғанына көзі жеткен жан міндетті түрде жауапты мекемеге хабар беруі тиіс. Біз көбіне елей бермейтін қарапайым әрекеттердің өзі жемқорлықтың бастауы болуы мүмкін. Жастар – мемлекет тірегі, еліміздің болашағы. Сондықтан бала кезден мұндай жолдан аулақ болуға тәрбиелеуіміз керек, – деді Дархан Нұртілеуұлы.
Кездесуге қатысқан Қонаев қалалық №2 орта мектептің оқушысы Мерей Қуандық: «Еркін форматтағы жүздесу барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға байланысты мәнді ақпараттарды біліп, оған жол бермеудің қаншалықты маңызды екенін түсіндік. Мұндай шаралар жас буын арасында жиі өткізілуі керек. Себебі әділ қоғам қалыптастыру өзіміздің қолымызда», – деген ойымен бөлісті.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА
