Қарасай ауданында Егінжай күніне арналған «Ғылым мен өндірістің байланысын нығайту – уақыт талабы» атты семинар-кеңеске Жамбыл, Түркістан және Жетісу облыстарының өкілдері келді. Жиынға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты.
Жиналғандар алдымен Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Алмалыбақ ауылы маңындағы тәжірибелік егістік алқабымен танысты. Аталған институт еліміздегі жетекші ғылыми орталық болып саналады. Тәжірибе алаңында әртүрлі дақылдардың жаңа сорттары тыныстырылды. Институт ғалымдары қант қызылшасының 15 гибридті сортын шығарған. Оның бағасы шетелдік тұқымдардан 4-10 есе арзан. Сонымен қатар мұнда тұқым өңдеу зауыты да жұмыс істейді.
Семинар-кеңесті Қазақ ұлттық аграрлық зерттеулер университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев ашып, жүргізіп отырды. Ғалым өндірісте қолданатын отандық тұқымның үлесі азайып кеткендігін сөз етті. Бұл ғылым мен өндірістің байланысы тиісті деңгейде еместігін көрсетеді.
Жиында сөз алған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев ауыл шаруашылығы саласының жай-күйі мен өзекті мәселелеріне тоқталды.
«Алматы облысында 30 мыңға жуық ауыл шаруашылығы құрылымы және 220 мыңдай жеке қосалқы шаруашылық тіркелген. Биыл өңірде егіс алқабы 3,5 мың гектарға ұлғайтылып, 465 мың 800 гектарға жетті.
Өнімділікті арттырудың маңызды факторлары – жоғары сорттар мен сапалы тұқым болып есептеледі. Шаруалар үшін жоғары сапалы тұқымдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет. Сондықтан, мемлекеттік қолдаудың қолда бар шараларынан басқа, тұқымдарды субсидиялау түрінде қосымша тетіктерді бірлесіп әзірлеуді ұсынамыз, – деді Марат Сұлтанғазиев.
Сондай-ақ, облыс әкімі суды үнемдеп жұмсайтын технологияларды кеңінен қолдану керектігін де тілге тиек етті. Бүгінде облыста 264 мың гектар суармалы егістік бар. Биыл 20,2 мың гектарға суды үнемдеу технологиялары қолданылған. Оның 10,9 мыңы жаңбырлатып, 9,3 мың гектары тамшылатып суарылады. Су шығынын азайтатын басқа да әдістерге ден қойып, тәжірибеден өткізген дұрыс.
«Технологияны салыстыру үшін біз қытайлық инвесторлармен суару технологиясын трансферттеу мәселесін қарастырып жатырмыз. Эксперименттік алаңда әртүрлі технологияларды қолданып көруді ұсынамыз. Сондықтан, біздің Егіншілік және өсімдік шаруашылығы институтын осы бастаманы ғылыми сүйемелдеуге шақырамыз, – деді облыс әкімі Марат Елеусізұлы.
Марат Сұлтанғазиев облыста пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекеттік меншікке қайтару және суару жүйелерін қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыстар жүріп жатқанын да сөз етті. 57,9 млрд теңгеге 6 суару жобасы іске асырылуда. Бұл 40 мың гектарға жуық жерді қалпына келтіруге мүмкіндік беретінін айтқан аймақ басшысы көрші облыстың диқандарын осы жерлерді игеруге шақырды.
«Мемлекет шаруаларды жан-жақты қолдауға ерекше көңіл бөледі және біз олардың тынымсыз еңбегін бағалап, әрқашан демеуге дайынбыз», – деді облыс әкімі.
Семинар-кеңеске қатысқан ғалымдар түрлі тақырыпта баяндама жасап, фермерлермен өзара пікір алмасты.
Серік Сатыбалдиев