Перейти к содержимому
Главная страница » Заңды жұмыс, тұрақты табыс

Заңды жұмыс, тұрақты табыс

Қарасай ауданы Шамалған ауылындағы көпсалалы кәсіптік оқыту колледжінде Корея мен Қазақстан өкілдерінің кездесуі өтті. Жиын барысында қазақстандықтарды Кореяда заңды түрде жұмысқа орналастыру мәселесі талқыланды. Іс-шараға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай қатысты.

Ең алдымен шетелдік қонақтарға колледждің оқу-өндірістік шеберханасы мен пән кабинеттері таныстырылды. 60 жылдық тарихы бар білім ордасында екі оқу корпусы, жеті оқу-өндірістік шеберхана, спортзал, 200 орынды жатақхана, 150 орынды акт залы және 120 орынды асхана орналасқан.
Кездесудің ресми бөлігі колледж­дің жиынжайында өтті. Онда қазіргі уақытта 18 бен 39 жас аралығындағы азаматтарды Кореяға заңды түрде жұмысқа жіберу үшін үш оқу орны таңдап алынғаны айтылды. Олар – Қонаев қаласындағы, Еңбекшіқазақ ауданының Қарамекер ауылындағы және Қарасай ауданының Шамалған ауылындағы колледждер.
Оңтүстік Кореяда жұмыс істегісі келетін азаматтар 47 сағаттық алдын ала оқудан өтуі тиіс. Оның 40 сағаты корей тілін үйренуге, 4 сағаты осы елдің көші-қон заңнамасының негіздерін түсінуге, ал 3 сағаты қауіпсіздік техникасымен танысуға арналған. Сонымен қатар виза рәсімдеу жұмысы қатар жүргізіледі. Оқу курсы аяқталғаннан кейін қазақстан­дық азаматтар тестілеуден, одан соң медициналық тексеруден өтеді. Содан кейін барып жұмыс іздеушілер ретінде тіркеледі.
Кездесу барысында Кореяда жұмыс күшінің 80 пайызы өндіріс­тік кәсіпорындар мен қызмет көрсету саласына, ал 20 пайызы басқа салаларға қажет екені айтылды. Виктория Шегайдың сөзінше, Қазақстанда Кореяға қажет барлық мамандық иелері бар. Сондай-ақ еліміздің мұндай халықаралық бағдарламаларды жүзеге асыруда тәжірибесі мол екенін және Қазақстан тарапы Кореяда жұмыс істегісі келетін азаматтарды заңнамалық әрі әлеуметтік тұрғыда қолдауға мүдделі екенін атап өтті.
Қонақтардың айтуынша, Алматы қаласында EPS өкілдері үшін тегін кеңсе қажет. EPS – бұл Кореяның мемлекеттік жүйесі, ол шетелдіктерге Е-9 визасы арқылы елде заңды жұмыс істеуге мүмкіндік береді, олардың құқықтарын қорғайды және корей тілі бойынша EPS-TOPIK емтиханын тапсыруды талап етеді. Сонымен қатар оқудан өткендерді тестілеуге арналған ғимарат қажет болады.
Қалыптасқан тәжірибеге сәйкес, шетелде жұмыс істеуге ниетті қазақ­стандықтарды оқыту мемлекет есебінен тегін жүргізіледі. Оларға стипендия да төленеді. Ал Кореяға ұшу шығындары межелі үкіметаралық келісім жасалғаннан кейін шешіледі.
Виктория Шегай кореялық қонақ­тарға меморандум жасалған­нан кейін де барлық келісімдердің орындаушысы жергілікті атқарушы орган болатынын түсіндірді. Сондық­тан әкімдік өкілдері жобалар мен бағдарламаларды талқылауға әртүрлі кезеңде қатысады. Сондай-ақ әр облыста және респуб­ликалық маңызы бар қалаларда жұмыс істейтін еңбек мобильділігі орталықтарының қызметі туралы айтылды. Олар жер­гілікті әкімдіктерге және ҚР Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау минис­трлігіне бағынады.
Жаңа жобаны іске асыру аясында қазақстандықтар ресми түрде жұмысқа орналаса алады. Сонымен қатар олар депортациядан қорғалып, өз мемле­кетінің қамқорлығында болады.
Қазіргі таңда бірқатар ұйымдас­тыру мәселелері пысықталуда. Бағдар­ламаны ресми іске асыру осы жылдың жазында, үкіметаралық келісім жасал­ғаннан кейін басталуы мүмкін.

Қуат Әбілұлы
Қарасай ауданы