Дүниежүзілік сайлау күніне орай Қонаев қалалық Мәдениет үйінде облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен «Заң үстемдігі – әділ және ашық сайлаудың басты кепілі» тақырыбында жиын өтті. Басқосуға облыстың және Қонаев қаласының аумақтық сайлау комиссияларының құрамы мен Қонаев қаласының учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері, қала тұрғындары мен жастар қатысты.
Жиынды ашқан қалалық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Нұрлан Тілекұлы сайлау жүйесін жетілдіру, азаматтардың сайлау процесіне деген сенімін арттыру, құқықтық сауаттылығын көтеру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының рөлі ерекше екенін атап өтті.
Алғашқы сөз кезегі облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мейрамгүл Айтоваға берілді.
– Дүниежүзілік сайлау күні оның құрылтайшыларының бастамасына сәйкес адамдардың назарын сайлау құқығын қамтамасыз ету және сайлау процестерін жетілдіру мәселелеріне аударуға бағытталған. Бұл күн әлемдік демократияны қолдауға, сайлау туралы білімді кеңейтуге, азаматтардың дауыс беруге қатысуына ықпал етуге және сайлау мәдениетін қалыптастыруға үндейді. Аталған бағыттардың ішінде сайлау мәдениеті ерекше маңызға ие. Сайлау мәдениеті – азаматтардың сайлау процесіне саналы түрде жауапкершілікпен және заң талаптарын сақтай отырып қатысуы. Ол қоғамдағы құқықтық сауаттылықтың, азаматтық белсенділіктің және демократиялық құндылықтардың деңгейін көрсетеді. Сайлау мәдениеті жоғары болған жағдайда азаматтар өз құқықтары мен міндеттерін жақсы біліп, дауыс беруге немқұрайды қарамай, белсенді қатысады. Сондай-ақ сайлау нәтижесіне деген сенім артып, ашықтық пен әділдік қағидаттары нығаяды. Елімізде сайлау жүйесі Конституцияға және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес жүзеге асырылады, – деген Мейрамгүл Қазыбекқызы соңғы жылдары елімізде сайлау процесін жаңғырту және оны заман талабына сай жетілдіру мақсатында бірқатар жүйелі қадамдар жасалып жатқанын, бұл өзгерістердің азаматтардың құқығын қорғауға және барлық қатысушыға тең мүмкіндік жасауға бағытталғанын тілге тиек етті.
Жиын соңында қатысушылар тарапынан берілген сауалдарға жан-жақты жауап берген Мейрамгүл Айтова Дүниежүзілік сайлау күніне орай сайлау комиссиялары құрамында қызмет атқарып келе жатқан бірқатар азаматты Алғыс хатпен марапаттады.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ




