Іле ауданында құрылыс жұмысы аяқталған нысандарға пресс-тур ұйымдастырылды. Алдымен журналистер М.Түймебаев ауылындағы ауызсу тарату пунктіне барды.
Қазіргі уақытта 1000-нан астам үйдің 4000-ға жуық тұрғыны оның игілігін көруде. Қуаттылығы 10000 адамды ауызсумен қамтамасыз етуге жетеді. Жоба құны – 1,4 млрд теңге. Нәтижесінде 21,5 шақырым су құбыры тартылып, 2 резервуар мен 220 метр тереңдікке жететін 2 артезиандық ұңғыма, лаборатория салынған. Су өткен жылдың тамыз айынан беріле бастап, құрылыс-монтаждау жұмысы қараша айында толығымен аяқталған. Осы уақытқа дейін әр үйде 35 метрге жететін ұңғыма болған. Бірақ ол су ішуге жарамсыз болғандықтан тұрғындар ауысуды үйлеріне тасып, әкеліп жүрген.
Іле аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ғазиз Алтайұлының айтуынша, өткен жылы Іле ауданында ауызсу жүйесінің 55,2 шақырымы жаңадан салынып, 10 шақырымы жаңартылған. Сонымен қатар Ащыбұлақ ауылдық округіне қарасты Көкқайнар ауылында да ауызсу жүйелерін салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Жобаға сәйкес 22 шақырым су құбыры жүргізіліп, 1100-ден астам үй орталықтандырылған сумен қамтылатын болады. Жоспарды жүзеге асыру үшін 1,5 млрд теңге қаржы қажет. Бүгінде бюджеттік өтінім жолданған. Қаражат бөлу күтілуде.
Іле ауданында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында екі дәрігерлік амбулаторияның құрылысы толық аяқталған. 40 адамға арналған аталған нысанның бірі «Береке» саяжай-кооперативінде орналасқан. Жобаның жалпы құны – 293,7 млн теңге. Құрылыс және инженерлік жұмыстар толық аяқталған.
– Дәрігерлік амбулатория «Береке», «Күншуақ», «Жеңістау», «Нариман» және «Жарқын жастар» саяжайларының 5000-ға жуық тұрғынына қызмет көрсетеді. 20-ға жуық адам жұмыспен қамтылады. Толығымен заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Алдағы уақытта жоғары дәрежедегі медициналық қызмет көрсетеміз деген сенімдемін, – деді «Береке» дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелік дәрігері Альфира Исмайылова.
Екінші дәрігерлік амбулатория Көкқайнар ауылында салынған. Мұнда да бір мезетте 40 адамды қабылдауға мүмкіндік бар. Ауыл маңындағы елдімекендерде 5159 адам тұрады. Жоба құны – 286,9 млн теңге. Құрылыс-монтаждау, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары, сондай-ақ инженерлік-коммуникациялық жүйелер толық аяқталған. Мердігер ұйым – «Капитал Строй Проект Групп» ЖШС. Аталған екі жоба ауыл тұрғындарының сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Осы жылдың ақпан айында ресми ашылуы өтіп, пайдалануға берілмек.
Гүлзат БАЙҚОНЫС
Іле ауданы




