Перейти к содержимому
Главная страница » Азық-түлікпен қамтыды

Азық-түлікпен қамтыды

Қасиетті Рамазан айы қарсаңында «UMUT» қоғамдық қоры Еуропалық «HASENE» қайырымдылық қорымен бірлесіп, қайырымдылық акциясын өткізді. Шара аясында Алматы қаласы мен облысы, сондай-ақ Шымкент, Түркістан, Тараз, Меркі қалаларындағы 500 мұқтаж отбасына азық-түлік себеттері таратылды.

Қордың президенті Сұлтан Исмайыловтың айтуынша, бұл ұйым 2018 жылы қазақстандық түрік-месхет азаматтарының қаражаты есебінен құрылған. Өзі Қаскелең қаласында тұратындықтан, аталған акция шеңберінде қаскелеңдіктерге 140 азық-түлік себеті бөлінді. Сонымен қатар Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындарына 80 азық-түлік себеті табысталды. Бұдан бөлек, Есік, Талғар, Ұзынағаш, Маловодное, Көктөбе және басқа да елдімекендерде тұратын азаматтар да азық-түлік көмегіне ие болды. Сондай-ақ бұл шараны ұйымдастыруға Қаскелең және Есік қалаларының әкімдіктері үлкен қолдау көрсеткенін атап өту керек.
– Біздің қордың тұрақты демеушілері жоқ. Барлық жұмысты өз қаражаты­мыздың есебінен, сондай-ақ еріктілер мен жанашыр азаматтардың көмегі арқылы жүзеге асырамыз, – деді Сұлтан Теймур-оғлы.
Халық достығын нығайтуда және қайырымдылық қызметті дамытуда да «UMUT» қорының қосып жатқан үлесі мол. Ізгілікті істі қор құрылтайшылары алдағы уақытта да жалғастыра бермек.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы