Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Рамазан айының басталуына орай облыстың бас имамы Мадияр Пірімқұловтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Брифингте биылғы Рамазан айының ерекшеліктері айтылып, пітір-садақа мөлшері, Қадір түні мен Ораза айт мерекесінің уақыты, сондай-ақ өңірде жүзеге асырылатын қайырымдылық шаралары кеңінен баяндалды.
Мадияр Тағайбайұлы өңір жұртшылығын ұлық айдың келуімен құттықтап, Рамазан – тек ашығу емес, рухани жаңғыру мен иманды күшейтудің айы екенін атап өтті. Ол өз сөзінде:
– Ораза – нәпсіні тәрбиелеу, сабыр мен шүкірді арттыру, мұқтаждың хәлін сезінумен ерекшеленеді. Құдси хадисте Алла Тағала «Ораза – Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін» деген. Бұл – оразаның қадір-қасиетін айқындайтын ұлағатты сөз. Рамазан айында сабырлық, мейірімділік, ізгілік пен бауырмалдық қасиеттері артып, қоғамда өзара түсіністік пен қайырымдылық кеңінен насихатталады, – деп биылғы оразада пітір-садақаның мөлшері 735 теңге болып белгіленгенін айтты. Бұл еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасына сәйкес есептелген. Сонымен қатар пітір садақасын құрма немесе мейіз бағасымен де беруге мүмкіндік бар екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ өңірдің бас имамы наурыз айының 16-нан 17-сіне қараған түн – қасиетті Қадір түні, ал 20 наурыз – Ораза айт мерекесі екенін айтты. Жұртшылықты Қадір түнін құлшылықпен, дұға-тілекпен өткізуге шақырып, бұл түннің мың айдан да қайырлы екенін еске салды.
Аймақта Рамазан айында бірқатар қайырымдылық жобасы жүзеге аспақ. Атап айтқанда, «Рамазан қоржыны», «Рамазан сыйы», «Жомарт жұма» секілді игі бастамалар қолға алынған. Өңірдегі мешіттерде күн сайын ауызашар дастарқаны жайылып, мұқтаж жандарға көмек көрсетілмек. Облыстық орталық «Қапшағай» мешітінде «Рамазан шатыр» жобасы аясында күн сайын 120 адамға, өңірлердегі өзге мешіттерде күн сайын 10 мыңға жуық адамға ауызашар беру жоспарланған. Биыл көптеген мешітте тарауық намазында Құран хатым оқылып, Құран әліппесі мен намаз үйрету курстары да ұйымдастырылмақ.
Діни мәселелер бойынша сұрақтары бар азаматтар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сенім телефонына (8 7172 33-30-30) немесе облыстық «Қапшағай» мешітінің нөміріне (+7 702 783 22 22) хабарласа алады. Рухани бірлікке үндеген Рамазан айын бәріміз берекелі өткізіп, сабыр сақтап, ізгі амалдарды көбейтейік. Алла Тағала отбасымызға амандық, ел-жұртымызға тыныштық, мемлекетімізге тұрақтылық берсін! Ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз қабыл болғай! – деді Мадияр Пірімқұлов.
Құралбек СӘБИТОВ
