«Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» атты Жамбыл аудандық коалиция мүшелерінің алғашқы жиыны өтті. Бұл басқосу – еліміздегі Конституциялық реформаны қолдауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды. Аталған бастама «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» атты жалпыұлттық коалиция құру жөніндегі республикалық үндеудің жалғасы ретінде жүзеге асырылып отыр. Оның басты мақсаты – қоғамды ортақ құндылықтар төңірегіне топтастырып, жаңа Конституцияға қатысты өзгерістерді халыққа кеңінен түсіндіру, азаматтардың пікірін ескере отырып, құқықтық мемлекетті нығайтуға үлес қосу.
Коалиция мүшелері Аққайнар ауылында тұрғындармен маңызды кездесу өткізді. Онда жаңа Ата Заңның саяси жүйені жаңартып, әділетті және тұрақты мемлекет қалыптастыруға жол ашатыны атап өтіліп, конституциялық өзгерістер жан-жақты түсіндірілді. Негізгі Заң – мемлекеттің берік іргетасы, қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың кепілі. Сондықтан әрбір азаматтың Конституциялық реформаға бейжай қарамай, белсенді қатысуы аса маңызды. Осыны түсіндіру үшін ауыл-ауылды аралауға шыққан аудандық коалиция құрамына облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, азаматтық қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйым өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері мен түрлі сала мамандары енді. Мұның өзі бұл бастаманың қоғамдық сипатқа ие екенін және оның халық мүддесіне негізделгенін көрсетеді. Кездесуде жаңа Конституцияның ел бірлігі мен құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтуға бағытталғаны, әділетті, ашық және прогрессивті Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадам екені айтылып, 15 наурызда болатын республикалық референдумға тұрғындарды белсенді қатысуға шақырды.
Серік САТЫБАЛДИЕВ,
Жамбыл ауданы




