15 наурызда жаңа заңға байланысты жалпыхалықтық референдум өткізілетіні белгілі. Бұл – әр азаматтың мемлекет тағдырына тікелей ықпал ете алатын маңызды саяси оқиға. Референдум – халық пен билік арасындағы ашық диалогтың, демократиялық қағидаттардың айқын көрінісі, алтын көпірі. Мен осылай түсінемін.
Қазақстан тәуелсіздік жылдарында қоғамдық-саяси жүйесін жаңғыртып, құқықтық мемлекет құру жолында бірқатар маңызды реформаларды жүзеге асырды. Соның ішінде бүкілхалықтық дауыс беру арқылы шешім қабылдау тәжірибесі ел өмірінде ерекше орын алады. Бұл қадамдар азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, ел дамуына деген ортақ жауапкершілікті күшейтетіні анық.
Жаңа заң жобасының референдумға шығарылуы – оның маңыздылығын көрсетеді. Демек, бұл құжат қоғам өмірінің өзекті тұстарына айрықша әсер етпек. Заң – тек құқықтық нормалар жиынтығы ғана емес, ол – әлеуметтік әділеттілік пен тұрақтылықтың кепілі. Сондықтан әрбір азамат ұсынылып отырған өзгерістермен мұқият танысып, саналы таңдау жасауы тиіс. Өйткені референдум – бұл жай ғана дауыс беру емес, ол – азаматтық ұстанымның жарқын көрінісі. Біздің әрқайсымыздың даусымыз елдің ертеңін айқындайды. Белсенділік таныту арқылы біз демократиялық құндылықтарды қолдайтынымызды және мемлекет тағдырына бейжай қарамайтынымызды дәлелдейміз. Қоғамдық келісім мен тұрақтылық – кез келген реформаның табысты болуының негізі. Сондықтан жаңа заңға қатысты пікір білдіруде сабырлылық пен парасаттылық танытудың маңызы зор. Әркім өз көзқарасын ашық айтып, ортақ мүдде жолында бірлік пен ұйымшылдық танытса, бұл бастама да ел игілігіне қызмет ететіні сөзсіз.
15 наурыз – жауапты таңдау күні. Болашаққа немқұрайды қарамайтын әр азамат референдумға қатысып, өз үнін қосуы тиіс. Себебі ел ертеңі – біздің бүгінгі шешімімізге тікелей байланысты. Сондықтан мен Райымбек ауданының тұрғындарын, жерлестерімді осынау саяси маңызы зор жалпыхалықтық референдумға айрықша жауапкершілік танытып, лайықты таңдау жасауға шақырамын!
Жұмабек Тәліпұлы,
ардагер-журналист
Райымбек ауданы




