Перейти к содержимому
Главная страница » БАСПАНА БАҚЫТЫНА КЕНЕЛДІ

БАСПАНА БАҚЫТЫНА КЕНЕЛДІ

    Әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға жататын Қарасай ауданының 26 отбасы үшін биылғы көктем қуанышты оқиғамен – қоныстоймен басталды. Атап айтқанда, 2 наурызда аудан әкімі Жасұлан Естенов Қаскелең қаласындағы аудандық әкімдікте тұрғындарға көптен күткен жаңа пәтерлердің кілтін салтанатты түрде табыстады. 

 Пәтер иелерін құттықтаған аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлы бұл күннің әр отбасы үшін айрықша мәнге ие екенін атап өтті. Оларға зор денсаулық, бақ-береке, ынтымақ пен шаттық, жаңа қоныстарында тек қуанышты күндер көп болуын тіледі. Сондай-ақ ол 15 наурыз күні мемлекетіміз үшін тағдыршешті  қоғамдық-саяси оқиға – жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдум өтетінін еске салып, жұртшылықты оған белсене атсалысуға шақырды. Ал баспана бақытына кенелген тұрғындар атынан сөз алған көп балалы ана ­Айгүл Оразбаева облыс және аудан басшылығына алғыс айтып, жаңа пәтер иелерін өмірлерінің жаңа кезеңінің басталуымен құттықтады.

Айта кетейік, пәтер иелері қатарында көпбалалы және толық емес отбасылар, жетім балалар, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар бар. Бұл баспаналар Елтай ауылында, сондай-ақ Қаскелең қаласында бой көтерген. Жасұлан Тоққожаұлының айтуынша, алдағы екі-үш айда осындай қуанышты оқиға жалғасын табады деп күтілуде.

Қуат Қайранбаев

Қарасай ауданы