Жиында былтыр қоғамдық кеңес отырысында өзекті деп танылған 25 мәселенің мән-жайы тарқатылып, алдағы жоспарлар баяндалды. Күн тәртібі бойынша облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Алматы облысының 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері және 2023 жылға арналған міндеттері туралы баяндама жасады. Өңірдің ел экономикасына қосар үлесі зор. Сол үшін де үнемі оң үрдіс көрсететін облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын сақтау басты міндет. Былтыр экономикалық өсім 2021 жылмен салыстырғанда 7,6 пайызды құрады. Мәселен, өнеркәсіп өнімінің көлемі 8,9 пайызға, құрылыс жұмыстары 28,4 пайызға артқан. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бюджетке түсімдер 780 млрд. теңге, оның ішінде жергілікті табыс 396 млрд. қаржыны құрайды. Желтоқсанда бекітілген өңірлерді дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиясын басшылыққа ала отырып, қол жеткізілген қарқынды сақтау үшін сапалы істер саны артқан. Осы орайда аймақта атқарылған оң жұмыстар саны жетерлік.
Азық-түлік өнімдерінің ауқымы кеңейіп, өндірісі көбейді. Облыс экономикасының негізін жалпы өңірлік өнімнің 30 пайызын алатын өңдеуші өнеркәсіп құрайды. Осы орайда «Филипп Моррис», «JTI», «Lukoil», «RG BRANDS», «Hamle», «Адал», «ФудМастер», «Райымбек Агро», «Маревен» және басқа 18 кәсіпорынның ықпалы зор. Былтыр Индустрияландыру картасы аясында 2 жоба жүзеге асырылды. Бұл қуаттылығы жылына 80 кг алтын-күміс қорытпасын өндіретін гидрометаллургиялық цех «Аметист – 2012БР» пен Шелек дәлізіндегі қуаты 60 МВт-тық «Энергия Жетісу» ЖШС жел электр стансысы.
Барлық сала бойынша жетістіктер мен жүйелі істерді жеткізген аймақ басшысы алдағы жоспарларды тізбектеп, кемшіліктерге көңіл бөлді. Атап айтқанда, Марат Сұлтанғазиев саяжай тұрғындары мен шалғай аудан халқының табыс көзін нығайтуды басты назарға алу қажеттігін айтты. Аймақ бойынша жалпы саны 183 мың адам тіркеуде тұрған 674 саяжай бар. Міне, осы санаттағы халықтың әл-ауқатын арттырып, саяжайларға ауыл статусын беру жолында бірегей жұмыстар атқарылмақ. Бір сөзбен айтқанда табиғи газ бен жарық жетпей отырған жұртшылықты ел қатарына қосу үрдісі қарқын алуы қажет. Үшауысымды мектептер саны мен білім сапасы да көңіл көншітпейді. Бүгінде өңірімізде 52 үшауысымды білім ғимараты бар. Осы орайда айтарлықтай жұмыстар атқарылып, «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 663 мектеп құрылысы жоспарланып отыр. Оның сыртында бірнеше мектеп жеке қаражатқа салынбақшы. Сондай-ақ өңірімізде мұғалімдер тапшылығын жою үшін де түрлі жағдай жасалып, үй-жаймен қамту мәселесін мәнді ету көзделген.
Тағы бір өзекті мәселе, облыс орталығы мен түрлі аудандардан күн сайын 400 мыңға жуық адам жұмыс бабымен Алматыға қатынайды. Осы орайда аймақ басшысы тұрғындардың өміріне қолайлы жағдай жасап, ірі мегаполис пен түрлі қалаларға кеткендерді қайта тартуды қолға алу қажеттігін нақтылады. Табиғи газ бен электр қуатын түбегейлі шешу үшін де түрлі станциялар салынып, инвесторлар тартылып жатыр. Газ құрылымын салған, сататын мекемелермен келісімшарт жасалып, табиғи газ қосу құны жан-жақты талқылау арқылы 350 мың теңгеге дейін түскен. Марат Елеусізұлы 100 мың гектардан астам жердің мемлекетке қайтарылғанын айтты. Әкімнің сөзінше, кезінде әйгілі болған 20 мың га жайылымы бар Кеген ауданындағы Сыртжайлауға апарар 24 км жолдың жол да жөнделмек. Мал шаруашылығында да мардымды жұмыстар жүзеге асып, былтыр асылдандыру бойынша 1 млрд. теңге бөлінген. Асылтұқымды мекемелерден сатып алынған іріқаралар орта және кіші шаруашылықтарға 4 пайызбен беріліп, шаруашылықтың дамуына мүмкіндік жасалған. Биыл бұл көрсеткіш ауқымы кеңейіп, қаржы 5 млрд. қа дейін көбейген.
Талқылау кезеңінде сөз алған Қазақстан ұлттық қой өсірушілер одағының төрағасы Тынышбай Досымбеков өңір жетістіктерін атай келе, суармалы жер әлеуетін арттыру ұсынысын айтты. Ұйғыр ауданындағы су қоймасы мен Бартоғай су қоймасының тазалық, жөндеу жұмыстарын арттыру қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ алыс ауылдарды 5G интернет желісімен қамту жайына тоқталып өтті. Осы орайда облыс әкімі интернет желісіне «Қазақтелекомға» тәуелділіктің барын айтып, жуық арада мәселе мәнін табарын жеткізді. Су қоймаларының жағдайы да үнемі бақылауда екенін тілге тиек етті.
(Келесі сөз алған Талғар аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Жұмахан Еңкебайұлы жұртшылық қалауын жеткізіп, аудандағы ауызсу тарифінің өсу қаупінен құлағдар етті. Осы орайда ауызсу тарифін бекіту мүмкіндігі өзімізде болса деген тілегіне Марат Елеусізұлы бүкіл жүйенің бір жерде болатынын жеткізіп, тиісті мекемелерге ұсыныс тастайтындығын тілге тиек етті. Қонаев қаласының Құрметті азаматы, зейнеткер Наталья Юрьевна да өңірдегі іргелі істерді мақтанышпен айтып, облыстағы атқарушы орган жұмысына жоғары баға берді.
Жиын соңында сөз алған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, ішкі саясат, тілдерді дамыту, ономастика, спорт, мәдениет, жастар саясаты, ұлтаралық және діни қатынастар мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы, заң ғылымдарының кандидаты Қазыбек Дәуітәлиев қоғамдық кеңес мүшелеріне кей мүмкіндіктің шектеліп жатқанын тарқатты. Қоғамдық бақылау кезінде бірқатар мекемелердің рұқсат бермейтіндігі, бақылау механизмін күшейту керектігі айтылды. Облыс әкімі қоғамдық кеңес қызметінде ешқандай шектеу болмауы керектігін жеткізіп, айтылған істің мән-жайын анықтауды тапсырды.
Құралбек Сәбитов