Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасы халыққа кеңінен түсіндірілуде. Міне, осы мақсатта Қарасай аудандық ардагерлер және «Асыл ана» ұйымдарының төрағалары бас қосып, «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» атты жалпыұлттық коалиция құру жөніндегі бастамаға қолдау танытты.
Басқосуда аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Сағат Мәсімақынов ХІ бөлім, 96 баптан тұратын Конституцияның жаңа жобасын сарапқа салып, жан-жақты түсіндіріп берді. Сонымен қатар 15 наурызда өтетін референдумның да маңыздылығына тоқталып өтті.
«Жаңа Конституция – адамның құқықтары мен бостандықтарын, азаматтардың болашағын қамтитын маңызды құжат. Оның ең басты рөлі – қоғамдық келісімді нығайту және елдің тұрақты дамуына негіз қалау. Жаңа заң жобасы негізінде Қазақстан халқы кеңесі құрылады. Ол Ұлттық құрылтай мен Ассамблея жұмыс істейтін алаңдарды біріктіріп, қоғамдық мүдделерді бір ортақ платформада дамытуға мүмкіндік береді. Бұл – ел бірлігін, тыныштығын әрі болашаққа деген сенімін арттыратын маңызды қадам. Байқағанымыздай, азаматтар жаңа жобаны қолдайды. Өйткені, жаңа Конституция халық қауіпсіздігін, балаларымыздың болашағын қамтамасыз ететін құқықтық құжат», – деді Сағат Ұлтарақұлы.
Жиында Ұмтыл ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Әйіп Ысқақов, аудандық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Серік Расмұханбетов, Іргелі ауылдық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Қалиахмет Көшкінбаев, Шамалған ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Қанат Қатубаев, Бекболат ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Бақытжан Әлменбетов сөз сөйлеп, жаңа Конституция жобасын туралы өз ойларын ортаға салды. Олар жобаның басты басымдығы, құндылығы туралы айтып, Ата Заңның халық үшін қашанда ардақты екенін жеткізді. Референдумға дейін халықпен насихат жұмысын белсенді жүргізетіндерін де айтып өтті Аудан ардагерлерінің бұл басқосуы жаңа Конституцияға деген жауапкершілік пен қолдаудың айқын да ашық көрінісі болды.
Қанат ТӘКЕБАЕВ,
Қаскелең қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы
Қарасай ауданы




