Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас ұзақ мерзімді жан-жақты стратегиялық серіктестік сипатына ие екені белгілі. Бүгінде екі елдің шекаралас аумақтарының өңіраралық байланысы нығайып келеді. Дегенмен, көп көңілінде шығыстағы көршіміз жайлы күңгірт түсініктер мен күмәнді сұрақтар аз емес. Екі ел арасындағы барыс-келістің Қазақстанға беретін мүмкіндіктері мен өзге де өзекті мәселелер жайында сарапшы-журналист Естай Божанмен аз-кем әңгімелескен едік.
Қазір әлемдік БАҚ Қытайдың Орта Азияға барынша назар аудара бастағандығын жарыса жазуда. Сіздіңше Орта Азия Қытай үшін қандай стратегиялық маңызға ие?
– Иә, аймақтың стратегиялық маңызы артып келе жатқаны назар аудартуда. Бұл арада аймақтың Қытай үшін ғана емес, өзге ірі ойыншылар үшін де маңызының арта түскенін айрықша атау керек деп ойлаймын. Мысалы, Қытаймен қатар ЕО мен АҚШ-та 5+1 форматында аймақпен диалогты арттыруда. Алдағы уақытта Үндістан, Жапония, Иран және басқа аймақтық державалар да осындай форматта диалогқа шығуы мүмкін. Байқасаңыз, соңғы жылдары әлемнің геосаяси картинасы үлкен өзгерістерге ұшырады. Державалар арасындағы бәсекелестік қарым-қатынас біздің аймақты да белсенді жүрістердің алаңына айналдыра бастады. Қазақстанды қамтыған бұл аймақ өзінің географиялық орналасуындағы маңыздылығына орай сыртқы ойыншылардың да назарын аудартқандай. Бұл жағдай бізге түрлі жаңа сын-қатерлерді алып келетіні рас. Дегенмен, оның аймаққа беретін тарихи мүмкіндіктері де бар. Айталық, бұған дейін тек табиғи ресурстарымен бағаланып келген аймақ ендігі жерде халықаралық аренада геосаяси һәм геоэкономикалық та маңызға ие бола түсті. Соның өзі инвестициялық ағындар мен экономикалық қатысуды күшейтеді. Тіпті, аймақтағы сыртқы күштер теңгерімі (балансы) де жаңа өзгерістерге ұшырайды деген болжамдар бар. Бұл, әрине, Ресейдің аймақтағы «дәстүрлі ықпалына» қатысты мәселе. Енді, Бейжің тұрғысынан келсек, Қытай қалыптасу үстіндегі держава ретінде мойындала бастады. Бірақ, қалыптасқан держава – АҚШ-пен қарым-қатынасы терең қайшылыққа ұласты. Мұның өзі қазіргі әлемнің болмысына үлкен әсер етіп отыр. Қытайдың өсіп келе жатқан әскери, саяси һәм экономикалық ықпалына қарсы Құрама Штаттар Үнді және Тынық мұхитында жаңа стратегия қабылдады. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Германияның саяси технологтары ойлап тапқан стратегия болатын. Вашингтон қазір соны жаңартып, өздеріне лайықтап пайдаға асырды. Әрі бұл жағында табысқа жетті деуге болады. Бейжіңнің алып теңіз-мұхиттағы тынысын тарылтып, жан-жағынан қысып тастады. Қытайдың шығысы мен оңтүстігіндегі сауда-экономикалық жолдары буылып, ұзақ мерзімді даму мүмкіндігіне қауіп төнді. Сондықтан Қытай «Бір белдеу, бір жол» сынды жаңа жоба арқылы құрлық жолын, біздің аймақты басып өтетін жаңа Жібек жолына арқа сүйегісі келеді. Қазақстанды қамтитын аймақтың Бейжің үшін стратегиялық маңызын осы жағынан қарастырған жөн.
– Қазақстан мен Қытай елінің өзара визасыз режим енгізуі қоғамда қатты алаңдаушылық туғызды. Сарапшы ретінде осы тенденцияны тереңінен түсіндіре кетсеңіз?
– Рас айтасыз. Қытаймен визасыз режим тақырыбы өз кезінде түрлі таласты пікір қалыптастырды. Оны жақтаушылар мен наразылар жағынан сан-алуан пікірлер айтылды. Бірақ, визасыз режимге қарсы тараптың өзі тәуелсіздік алғалы бері ашық жатқан тағы бір көршімізбен шекарамыздың бар екенін ескереді. Визасыз режим сауда-экономикалық байланыстарды тіпті де жандандыра түсу үшін, екі ел азаматтарының барыс-келісін арттыруға бағытталғаны белгілі. Бірақ, оның геосаяси мәні де бар. Қазақстан бұған дейін де Қытай азаматтарына 14 күн визасыз кіруіне мүмкіндік бергенін білесіздер. Ал, 30 күндік қос тарапты визасыз режим неге керек болды? Сол тұста бұны жақтаушылар жағынан дипломатиялық жетістік ретінде бағалағанғаны бар. Расында, Қытаймен визасыз режимге келісе алған елдер көп емес, бұл жағынан аталған режимді дипломатиялық жетістік деуге болады. Енді бір жағынан, бұл солтүстік көршіміздің агрессиялық ісқимылдары ашыққа шыққан тұста жасалған ұтымды шараның бірі болды. Өз басым осы тұрғыдан бағалайтын едім. Жалпы, солтүстік көршіміз былтыр Украинадағы жағдайға байланысты Орта Азияға назар аударуын әлсіретіп алғаны рас. Кейінгі кезде Ресей сыртқы күштердің бәсекесі күшейе түскенін байқады және соған қарсы өз шараларын жасап жатыр. Бұл Ақорда үшін белгілі деңгейде ауыр қысымдар да туғызады. Осы тұста Қытаймен визасыз режимді солтүстікке жолданған дипломатиялық сигнал қатарында бағалайтын едім.
– Екі жақты ынтымақтастық негізінде шығыстағы көршімізбен болған барыс-келісте еліміздің өз ұпайын түгендеуге қандай мүмкіндіктері бар деп ойлайсыз?
– Қазіргідей күрделі әрі болжаусыз күйдегі халықаралық сынақтар бізге сыртқы саясатта белсенді болуды ұдайы ескертіп отыр. Ал, Қытай – біздің тарихи көршіміз, қаласақ та, қаламасақ та онымен қарым-қатынастан бас тарта алмаймыз. Шығыстағы көршіміз, ең алдымен, бізге алып экономикасымен маңызды. Солтүстік пен шығысымызда күшті көршілердің болуы біз үшін белгілі деңгейде қауіпті елестеткенімен, оның өзіндік тиімді жақтары да бар. Мысалы былай елестетіп көрейік, іргемізде айдын көл жатса, жағадағы біздің егін суара алмай отыруымыз қисынсыз. Әлемнің екінші экономикасымен екіжақты ғана емес, көпжақты байланыстардан бізге ел экономикасын көтеруге үлкен мүмкіндіктер сәт сайын туып отырады. Кемінде транзиттік рөліміз арқылы да Қытай мен Батыс арасындағы сауда байланыстарынан өз үлесімізді ала аламыз. Әрине, бұл сөздер арқылы мен шығыстан келетін қауіпті түбегейлі жоққа шығармаймын. Екінші жағынан, Қытай біз үшін елдегі және аймақтағы күштер теңгерімін сақтау үшін де маңызды. Орта Азия Кеңес одағы ыдырағаннан кейін қалыптасқан біртұтас геосаяси аймаққа айналды. Аймаққа ең алдымен Мәскеудің дәстүрлі саяси ықпалының басым екенін ескеруіміз керек. Біз оны өз қалауымызша тоқтатып тастай алаймыз. Сондықтан, өзге сыртқы күштер арасындағы (Қытай, ЕО, АҚШ, Ислам елдері, түркі елдері) теңгерімді үйлестіру арқылы ұзақ мерзімдік ұлттық мүддемізді қамтамасыз етуіміз керек.
– Жақында Қытай Халық Республикасындағы Іле-Қазақ автономиялық облысынан Қонаев қаласына арнайы делегация келді. Кездесуде өңірлердің сауда-экономикалық ынтымақтастығы, сауданы кедендік рәсімдеу, тауар импорты мен экспорты, трансшекаралық туризм, ауыл шаруашылығын дамыту саласындағы мәселелер талқыланыпты. Қазақтар жиі қоныстанған Іле-Қазақ автономиялық облысының қазіргі жағдайы туралы айта кетсеңіз?
– Ең әуелі, екі елдегі шекаралас өңірлер арасында өзара тиімді ынтымақтастық орнату қос тарапқа да пайдалы болар еді. Себебі, іргелес жатқан өңірлерде шешуге тиісті көптеген ортақ мәселелер бар. Айталық, су ресурсын тиімді пайдалану, өзара тауар иморт-экспорты, сондай-ақ, түрлі жаратылыстық сын-қатерлерге ортақ күресу деген секілді. Бұл жағында шекаралас облыстар жергілікті әкімшілік деңгейінде барыс-келіс орнатып жатуы құптарлық қадам. Ал, енді миллионға жуық қандасымыз тұратын Қытайдағы қазақ автономиялық облысына келетін болсақ, шыны керек, онда біз көп мән бере бермейтін әкімшілік-құрылымдық өзгерістер бар. Айталық, біз Іле-Қазақ автономиялы облысы десе Алтай, Тарбағатай аймақтарын қамтыған ауқымды әкімшілік өңірді елестетеміз. Бірақ, қазіргі таңда Қазақ автономиялы облысының әкімшілік құзыреті тек Ілеаймағының 8 ауданымен шектеледі. Алтай мен Тарбағатайдың аймақтық үкіметтері әкімшілік жақтан Қазақ автономиялық облысына емес, Үрімжідегі ШҰАР жергілікті билігіне тікелей қарайды. Нәтижесінде, Қазақ автономиялық облысы деген атау тек символдық атауға айналып қалды. Ал, жалпы Алтай, Тарбағатай және Іле өңірлеріндегі, одан арғы қазақ қоныстанған өңірлердегі жалпы жағдай көпшілікке белгілі деп ойлаймын. «Жұт жеті ағайынды» демекші, саяси жағдайдан бөлек індеттің ұзақ уақыттық құрсауы, оған қабаттасқан құрғақшылық сынды табиғи апаттар өңірдегі қандастарымыздың жалпы жағдайын қиындата түсті. Әлеуметтік жағдайы да осының ішінде. Дегенмен, көршімізбен болған тиімді достық қатынас ондағы жағдайдың жақсаруына оң әсер етері анық.
– Екі ел арасындағы сан-салалы қарым-қатынас ондағы қандастарымыздың ұлттық болмысын сақтап қалуға қаншалықты оң әсерін тигізге алады?
– Турасын айтқанда, Қытайдағы ағайынның тағдырына оң мәнде әсер етуде бізге бұдан ұтымды жол да жоқ. Сіз айтып отырғандай, түрлі бағыттағы қарым-қатынасты жандандыру арқылы ғана біз ондағы қандастарымыздың рухани өміріне үлкен шаңырақтың жылуын жеткізе аламыз. Қазір біз Бейжің билігінің сыртқы және ішкі саясатта бұрынғыдан да агрессивті әрі батыл бола түскенін көріп отырыз. Тікелей саяси немесе басқа да ресми жолдармен, бір елдің ішкі ісі болып саналатын мәселеге өзіміз қалағандай әсер ете алмаймыз. Бұл мемлекеттің ішкі-сыртқы күш-қуаты, қала берді, билік басындағылардың саяси ерік-жігеріне де байланысты. Сондықтан, біз ең тиімді жол – сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық бағыттардағы барыс-келіс, алыс-беріс сынды қарым-қатынасты жандандыра отырып, екі жақтағы қазақтардың байланысын қамтамасыз ете аламыз. Баршаға мәлім, екі ел арасында сауда байланыстары қарқынды дамып тұрған жылдары Қазақстанның мәдени ықпалы арғы беттегі ағайынға айрықша әсер етті. Ондағы әр қазақ шаңырағында қазақстандық өнер жұлдыздарының суреттері мен өнер туындылары болды. Құлжадан тартып, Үрімжіге дейін еліміздегі эстрада жұлдыздарының әндері көшелерден естіліп жататын. Ал, қазақстандық тауарлар да кең нарық иелене бастады. Тіпті, онда кірген біздің тауарлар қытайлық кейбір тауарларды нарықтан ығыстыра бастады да, ШҰАР билігі оның алдын алу үшін жергілікті деңгейде шаралар қолдануына тура келген жайттар да бар. Мұндай жағдай әсіресе, азық-түлік тауарларында орын алды. Себебі, қазақстандық азық-түлік өнімдері ондағы қандастарды да, өзге ұлт тұрғындарын да сапасымен қызықтырды. Бұл не деген сөз, бұл біздің өзіміз бағалай бермейтін потенциалымыздың көп екенін көрсетеді. Бұл жағдайлар қандастардың атажұртқа деген ынтасын да арттырды. Міне, осыған ұқсас біз қарым-қатынастың жаңа бір қызу кезеңіне жол аша алсақ, бұл ол жақтағы ағайынға оң әсер берер еді. Әрі ішкі жақтағы кейбір мәселелер өздігінен реттелер еді. Ол үшін Қытайдағы қоғамдық өзгерістерді бақылап, бағамдап отыруымыз шарт. Бұл қадам, сөз жоқ, кешенді зерттеу мен зор ізденісті қажет етеді.
– Бүгінде Қытайда Орталық Азияны зерттеумен айналысатын іргелі орталықтардың барын айтып келесіз. Бұл олардың біздің елге бағытталған өз стратегиясын сәтті жүзеге асыруына зор мүкіндік беретіні анық. Ал Қазақстандағы қытайтану саласының потенциалы қай деңгейде?
– Жақында ғана осы тақырып төңірегінде шама-шарқымша қаузап көргенім бар. Қытайда Қазақстанды және Орта Азия аймағын зерттеумен айналысатын институтар саны оннан асады. Нақты 11 орталық ғылыми зерттеу жасап отырғанын білемін. Қытай экономикалық қуаты зор, үлкен әлеуетке, мол адами капиталға ие ел болғандықтан, олардың бір аймақты зерттеуге бағыттаған орталықтар санының көп болуы да заңды. Жалпы, бір елдің өзіне көршілес не алыс елдер мен аймақтарды ғылыми тұрғыда зерттеп-тануға талпынысы – қалыпты құбылыс. Бұған үрке қарауға болмайды. Мен тек қытайлық зерттеу орталықтарының жұмыстары олардың саяси іс-қимылдарына қалай әсер ететініне баса назар аудару керек деп санаймын. Қытайдың Орта Азия мен Қазақстанды зерттеуге бағытталған жұмыстарының нәтижесі жоғары, бірақ өзіндік тап болған қиыншылықтары да жоқ емес. Айталық, жыл сайын оларда мамандар саны мен орталықтар санының қысқаруы сынды үрдіс бар. Соңғы жылдары Қытайдың АҚШ және өзге де Батыс елдерімен түбірлі қайшылығы олардың сыртқы саясатының басты проблемасына айналды да, аймақтану саласындағы мемлекеттік қолдаулар сол бағытқа қарай ойысты. Бұл біз қатарлы аймақтар мен елдерді зерттеуге деген мемлекеттік қолдауларды қысқартып, нәтижесінде, салада біраз саябырсу бар. Ал, біздегі қытайтану саласының деңгейі туралы айтар болсам, жұрт айтқандай, төмен деңгейде емес дер едім. Тіпті, аймақтағы өзге елдермен салыстырғанда, бұл салада біздің әлеуетіміз жоғары . Еліміздегі қытайтану саласы Кеңес одағы ыдырағаннан кейін дербес дамыды, бірақ көп уақытқа дейін кеңестік қытайтану мектебінің сүрлеуінен шықпай келгені бар. Соңғы кезеңдерде елімізде қытайтану саласында жаңа кадрлық буын жетіліп шықты. Қазір бірнеше ЖОО-да кемінде кафедра деңгейінде жұмыс істеп отырған орталықтар бар. Ғылым академиясының Шығыстану институты да бұл жағында нәтижелі жұмыс істеп отыр. Одан өзге жекелеген орталықтар да жоқ емес. Бір қуантарлығы, қазір осы орталықтардағы мамандар Қытайға өзіміздің көзбен қарауды қалыптастырып келеді. Бұрынғыдай Мәскеудің саяси сүзгісінен өткен мәліметтер емес, өзіміз танып-зерттеген ғылыми өнімдер қолданысқа кірді. Соның нәтижесінде қоғамда ертеден бар «бақа-шаян жейді екен», «ұрлық істегеннің қолын кеседі екен», «Қытай басып алады екен» дейтін секілді қарадүрсін түсініктер зерттелген, нақты ғылыми түсініктерге біртіндеп ауысып келеді. Бұл осы елмен дұрыс қарым-қатынас қалыптастыруға тартып, дұрыс сыртқы саясат құруға дейінгі жоғары деңгейдегі шешім қабылдау мен ұлттық іс-қимылдарға өзіндік оң әсер береді деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Ерзат АСЫЛ