Еңбекшіқазақ көпбейінді орталық аудандық ауруханасы базасында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов өңірдегі медицина саласының қызметкерлерімен кездесу өткізді. Кездесуге облыстың медициналық ұйымдарының басшылары, дәрігерлер және практикалық денсаулық сақтау мамандары қатысты. Талқылаудың негізгі тақырыбы – денсаулық сақтау жүйесін дамытудың негізгі бағыттары, сондай-ақ 2026 жылдың 15 наурызында өтетін республикалық референдум болды.
Медицина саласы қызметкерлерінің алдында сөз сөйлеген Тимур Мұратов: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған конституциялық реформа мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға және әділдік, заңдылық пен биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігі қағидаттарын нығайтуға бағытталған», – деп, мемлекеттік саясаттың өзегінде азаматтардың өмірі мен денсаулығы, адами капиталды дамыту және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру тұрғанын атап өтті.
Сондай-ақ жаңа Конституция жобасында азаматтардың денсаулығын сақтау және медициналық көмек алу құқығын қамтамасыз ету нормаларының бекітілуі денсаулық сақтау жүйесі үшін ерекше маңызға ие екені де айтылды. Бұл жаңашылдық саланы одан әрі дамытуға, медицина қызметкерлерінің қолжетімділігін арттыруға және заманауи медициналық технологияларды енгізуге берік негіз қалайды.
Кездесу барысында медицина ұйымдарының тиімділігін арттыру, кадрлық әлеуетті нығайту, цифрлық шешімдерді енгізу және профилактикалық бағдарламаларды кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар өңірдің денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамыту мүмкіндіктерін талқылап, саланың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.
Еңбекшіқазақ көпбейінді орталық
аудандық ауруханасының
баспасөз қызметі




