Талғар ауданындағы Гүлдала ауылында орналасқан «Amal Bio» компаниясы еліміздегі ең табысты агрокәсіпорындардың бірі. Алғашында отбасылық бизнес ретінде құрылған бұл жауапкершілігі шектеулі серіктестік қазіргі кезде тек алма өсіріп қоймай, өндірісті барынша әртараптандырып, әртүрлі шырын өндіруді де жолға қойған. Мұнда қазір 100-ден аса адам жұмыспен қамтылып, өз отбасыларын табыспен қамтамасыз етіп отыр. Міне, осынау іргелі компания иелері Асқар Сабиров пен Динара Рүстембаева жаңа Конституцияны қолдайтындарын, алда өтетін референдумнан тыс қалмайтындарын білдірді.
– Біз мемлекетке салық төлеуші ретінде елдегі өзгерістерге бейжай қарай алмаймыз. Өйткені, біздің кәсібіміздің өркендеуі де елдегі тұрақтылық пен кәсіпкерлерге қарастырылған жеңілдіктің арқасында дер едік. Жаңа Конституция жобасында да бизнес өкілдерінің ары қарайғы жұмысын жандандыруға негіз қаланғаны сөзсіз. Осыдан 13 жыл бұрын біз Еңбекшіқазақ ауданындағы бұрынғы Маловодный ауылынан 160 гектар жер сатып алып, алма өсірумен айналыса бастадық. Қазір сол жерде қарқынды бақтар пайда болды. Оларда алманың 16 сорты, 600 мың түптен астам алма ағашы өсіп тұр. 80 адам жұмыс істейді. Мұндай бақтың басты ерекшелігі – алғашқы жылдың өзінде 1 гектардан орташа 10 тонна жеміс жинауға болады, ал 6-7 жылға қарай 80 тоннаға дейін өнім береді. Қазір біз әр жылы 11-12 мың тонна алма жинаймыз. Бірнеше ай бойы 3 мың тонна алманы балғын күйінде сақтауға болатын замануи қойма да салып алдық, – дейді жеке компанияның негізін қалаған кәсіпкер Асқар Сабиров.
Әрине, ол бұған оңай жеткен жоқ, АҚШ, Италия, Германия, Австрия елдерінде тәжірибе жинап, алма бақтарын өсірудің ең үздік, ең озық технологияларын әкелді. Алма ағаштарынан жоғары өнім алу үшін тамшылатып суару технологиясын енгізді.
Келіншегі Динара Рүстембаева да өндірісті кеңейтуге, жалпы отбасылық бизнесті одан әрі өрістетуге үлкен үлес қосты. Ол осыдан үш жыл бұрын Германияда шығарылған, түрлі жемістен шырын алуға арналған жартылай автоматты желілер, сығу және тікелей сығу құралдарын сатып әкеліп, шырын өндірісін ұйымдастыруға тікелей ұйытқы болды. Қазір мұнда жылына 300 мың литр мөлшерінде шырын өндіріледі. Ол үшін тауарлық түрі төмен жеміс пайдаланылады. Соның арқасында әртүрлі себептермен езілген, қыршылған алмалар да зая болмайды. Арнайы ыдыстарға құйылатын шырындар келісімшарт арқылы супермаркеттерге, балабақшаларға, мектеп асханаларына сатылады. Енді ерлі-зайыпты кәсіпкерлер келешекте желілер санын, сол арқылы өндіріс көлемін одан әрі ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Назар аударарлық тағы бір жайт, кәсіпорынның өз питомнигі мен тәжірибе бақшалары да бар. Оларда үздік шетелдік мамандарды тарта отырып, алманың ең жақсы сұрыптарын селекциялық әдіспен шығару бойынша үлкен ғылыми жұмыстар жүргізілуде. Компанияда негізінен қазіргі заманғы технологияларды шетелде меңгерген жас мамандар жұмыс істейді. Басшылықтың сөзіне қарағанда, бұл тәжірибе болашақта да жалғасатын болады.
– Жобалар көп, тек жұмыс істеу керек. Ең бастысы, біздің компанияда өнімді қайта өңдеуден бастап, сатуға дейінгі барлық тізбек жолға қойылған. Заманауи жеміс қоймасы – қазақстандықтардың маусымаралық кезеңде импортқа тәуелді болмайтындығының айқын кепілі. Басқаша айтқанда, біздің аймақта әрқашан ел ішінде өндірілген өз жемістеріміз бен көкөністеріміз болады, – дейді Динара.
– Біз еліміздегі тұрақтылық, бейбіт өмірдің арқасында барлығы 100-ден аса адамды тұрақты жұмыспен, уақтылы табыспен қамтамасыз етіп отырмыз. Мемлекетке де ондаған миллион теңге салық төлейміз. Қазір еліміз үлкен тарихи сәттің алдында тұр. 15 наурыз күні Жаңа Конституция қабылдау бойынша республикалық референдум өтеді. Түсінген адамға бұл да елімізді саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан одан әрі дамыту мақсатында өткізілмек. Біздің ұжым оған саналы түрде түгел қатысып, дауыс береді деп ойлаймын. Өйткені бұл – бәріміздің азаматтық парызымыз! – дейді Асқар Сабиров.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы




