Жамбыл ауданының Үңгіртас ауылындағы«Plast Invest Production» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құбыр шығаратын зауыты 2009 жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда құбыр полиэтилен материалынан дайындалады. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал еткен кәсіпорынның өнімдері қазіргі заманғы сұранысқа сай келеді.
Зауыттың өнімдері ауызсу, газ және кәріз жүйелеріне арналып тиісті пішінде және көлемде қалыпталады. Аталған серіктестіктің бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Өмірғали Шпекбаевтың айтуынша, осындай құбырлардың түрлі диаметрдегі бірнеше түрі шығарылады. Сонымен қатар пластикалық ыдыс, болат фланец, шыны-пластик арматуралар да өндіріледі. Полимер материалдары нарығында қазір мұндай тауарларға сұраныс уақыт өткен сайын өсе түсуде. Пластикалық құбырларға деген қажеттілікті қанағаттандыру мақсатында зауыттан өнімнің түр-түрі тұтынушыға жөнелтіліп келеді.
Нарықта өз орнын тапқан өндіріс орны тұрақты жұмыс істеп келеді. Тиісті орындарға тауарды уақытында жеткізу ісі мұнда жүйеге келтірілген. Кәсіпорын бүгінде полиэтилен құбырларын шығару ісінде алдыңғы қатарлы өндіріс орны саналады. Компания әр түрлі қолданысқа арналған төмен қысымды, тығыздығы жоғары «HDPE 100» маркалы полиэтиленнен тауар өндіруге мықтап маманданған. Түрлі өлшемдегі құбырлар, шыны-пластик арматуралар, суға арналған ыдыстар сапалы дайындалады. Өнімнің барлығына тиісті сертификаттары бар. Зауытта заманауи құрал-жабдықтар орнатылып, жаңа технология қолданылады. Жылына 18 мың тонна өнім өндіріледі.
– Біздің зауытта 100-ге тарта адам жұмыс істейді.Елімізде болып жатқан басты оқиғаларға құлағымызды түріп жүреміз. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып жатқан саяси реформаларды өз басым қолдаймын. Неге десеңіз, мемлекетті қазіргі заманға сай дамыту үшін керек деп ойлаймын. Сондықтанқабылданатын жаңа Конституциямыз қазіргі өмірге де, болашаққа да толыққанды қызмет ететіндей болуы тиіс. Жаңа Ата Заң жобасымен танысып шықтым. Мұндағы ең басты мақсат – Қазақстанды дамыту, болашақта алдыңғы қатарлы елдерментерезесі тең дәрежеге көтеру үшін қажетті заңдық негіз жасау деп есептеймін. Кең байтақ Отанымыздың біртұтас қалпында, экономикасы күшті, қорғанысы мығым, мемлекет құраушы ұлттың құндылықтары сақталған, ауызбірлігі мықты өркениетті ел болуын қалаймын. Жүргізіліп жатқан саяси өзгеріс сол бағытта екеніне сенемін. Сондықтан 15 наурызда болатын референдумда өз қалауымды білдіремін. Зауыт жұмысшылары да бұл науқанға бей-жай қарамай, өздерінің таңдауын жасайды, – деді «Plast Invest Production» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Өмірғали Шпекбаев.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы




