Алматы облысының аудан-қалаларында 15 наурыз – республикалық референдум күні түрлі жәрмеңкелер жұмыс істейді. Мәселен, Балқаш ауданының бірқатар ауылында азық-түлік жәрмеңкесі, Еңбекшіқазақ, Іле, Жамбыл, Қарасай, Райымбек аудандарында ұлттық тағам және қолөнер жәрмеңкелері өтеді. Кеген ауданында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі № 558 референдум учаскесі – Ө. Жаңабаев атындағы мектеп пен № 581 референдум учаскесі – С.Бейімбетұлы атындағы мектеп маңында ұйымдастырылады. Талғар ауданы бойынша көкөніс және жеміс-жидек «Талғар – Алматы» трассасының бойында, сүт өнімдері, көшеттер, жеміс ағаштары Құлжа трассасының бойында, Бәйтерек ауылына бұрылар тұста саудаланады.
Ұйғыр ауданының Шонжы ауылында «Наурызнама» аясында жергілікті кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түліктерді төмен бағада сатады. Алатау қаласында да осы реттегі қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Қонаев қаласында «Кітап әлеміне саяхат» кітап көрмесі Ш.Уәлиханов атындағы №2 гимназияда өтеді.
Бұл бастама тұрғындардың референдумға қатысып қана қоймай, арзан бағада азық-түлік, қолөнер бұйымдарын алып, ұлттық тағамның дәмін татып, кітап әлеміне саяхаттату мақсатында қолға алынып отыр. Бұл референдум күнін саяси науқанға ғана емес, нағыз мерекеге айналдыруға мүмкіндік береді. Облыс тұрғындары аталған жәрмеңкелерден керегін тауып, еліміздің болашағына берік негіз қалайтын жаңа Ата Заң жобасын қолдап, дауыс береді деген үміттеміз.
Еске сала кетер болсақ, өңірдегі дауыс беру учаскелері таңғы сағат 07:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді.




