Таңғы сағат жетіде Ұйғыр ауданындағы 38 дауыс беру учаскесі өз жұмыстарын бастады. Ұйғыр ауданында Жалпы 39, оның төртеуі жабық учаске. Бүгін уақытша ұстау изоляторында адам бодмағандықтан ол дауыс беру учаскесі ашылмады. Сол себепті 38 дауыс беру учаскесі тұрғындарды қабылдауда.
Шонжы политехникалық колледжінде орналасқан №928 дауыс беру учаскесі алғашқы дауыс берушіге тосынсый дайындап, кішігірім сыйлықтарын табыстады. Аталмыш учаскелік комиссия төрағасы Гүлназ Тегісбаева бұл референдумға ең бірінші болып келген азаматты кішкене болса да қуансақ деген ниеттен туындаған ой екені айтты. Ал Шонжы ауылының тұрғыны Марупов Мұхтар өзін осындай тосынсый күтіп тұрғанына риза болып, алғысын айтты. «Прима құс» жауапкершілгі шектеулі серіктестігінде жұмыс істейтін Мұхтар өзінің азаматтық позициясын танытып, бүгінгі референдумнан тыс қалмай, өз таңдауын жасауды парызы деп санайтындықтан келгендігін жеткізді. «Конституция – еліміздің басты құжаты. Оған менің де титтей үлесім болса, қуанар едім. Сондықтан келіп таңдау жасадым. Әрі өз таңдауымды дұрыс деп санаймын. Әр азамат өзі үшін, балаларының келешегі үшін бұл референдумнан қалмауы керек деп есептеймін», – деп ойын ортаға салды.
Анар Дүйсенбайқызы




