Алматы облысындағы орта мектеп-гимназия ғимаратында орналасқан №947 сайлау учаскесінде республикалық референдум аясындағы дауыс беру процесі заң талаптарына сәйкес ұйымдастырылған, деп хабарлайды Alataunews.kz.
Бұл туралы «Дауыс» коалициясынан тіркелген байқаушы Сулейменова Жайна Бейбитовна мәлімдеді.
Оның айтуынша, сайлау учаскесі бүгін таңғы сағат 06:00-де ашылған. Ашылу рәсімі барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимні орындалып, учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелері толық құрамда жұмысқа кіріскен.
Байқаушының мәліметінше, дауыс беру учаскесі барлық қажетті талаптарға сай толық жабдықталған. Дауыс беруге арналған кабиналар жеткілікті мөлшерде орнатылған, ал дауыс беретін жәшіктер комиссия мүшелері мен байқаушылардың қатысуымен тексеріліп, олардың бос екені анықталғаннан кейін мөрленген.
«Дауыс беру процесіне ешқандай кедергі келтіріліп жатқан жоқ. Алғашқы дауыс берушілер келіп, өз таңдауларын жасап үлгерді. Оларға естелік ретінде шағын сыйлықтар табысталды», – дейді байқаушы.
Дауыс беру учаскесінде «Дауыс» коалициясынан бөлек басқа да ұйымдардың өкілдері байқау жүргізіп отыр. Атап айтқанда, «Аманат» партиясының, «Жастар үні» ұйымының және «Ауған соғысы ардагерлері» ұйымының байқаушылары дауыс беру барысын қадағалауда.
Сонымен қатар, дауыс беру учаскесінің алдында тұрғындар үшін арнайы фотозона ұйымдастырылған. Дауыс беруге келген азаматтар сол жерде естелік суреттерге түсіп жатыр. Байқаушылардың айтуынша, №947 сайлау учаскесіндегі жағдай тұрақты. Дауыс беру процесі ашық әрі заң талаптарына сәйкес өтіп жатыр.




