Былтыр әлемдегі ең үлкен түйе керуенін жасап, Гиннестің рекордтар кітабына енген, «Дәулет-Бекет» шаруақожалығының негізін қалаушы Сыдық Дәулетов Астана қаласындағы
№ 129 учаскеде өз таңдауын жасады. Ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да үлес қосып жүрген кәсіпкер елдің тұрақты дамуы берік құқықтық негізге байланысты екенін атап өтті.
– Ата Заң мемлекетіміздің бағытын айқындап, әр азаматтың құқығы мен еркіндігін қорғауға қызмет етеді. Сондықтан референдумға қатысу елдің болашағына бейжай қарамайтын әрбір азаматтың ортақ міндеті деп санаймын. Біз бірлік пен тұрақтылықты сақтай отырып, мемлекетіміздің одан әрі дамуына үлес қосуымыз керек. Жақында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының III республикалық форумына қатысып, онда да саяси өзгерістің маңызына тоқталып өттім. Бұл құжаттың өзегінде адам құқығы мен бостандығының мызғымас құндылығы жатыр. Құқық үстемдігі орнаған кезде ғана мемлекет еңселі, қоғам берекелі болады, – дейді Сыдық Дәулетов.




