Таңертең ерте болғанына қарамастан, Еңбекшіқазақ ауданындағы референдум учаскелерінде үлкен белсенділік байқалады. Жергілікті тұрғындардың біразы өз таңдауын жасап үлгерді. Солардың қатарында Алматы облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлнара Жошыбаева да бар.
— Мен халқымыздың тағдырына бейжай қарай алмаймын. Әрбір қазақстандық өз таңдауын білдіруі керек деп есептеймін. Бұл жерде қоғамдағы аналардың рөлін ерекше атап өту қажет. Өйткені қоғамдағы көп нәрсе, ең алдымен, елдің болашағы аналарға байланысты.
Бәріміз балаларымыздың тәрбиелі, білімді, өз елінің патриоты болып өскенін қалаймыз ғой. Бұған не қажет? Әрине, басты рөл тәрбиеге тиесілі. Ал тәрбие ең алдымен ана сүтімен дариды. Бұл мәселе бүгінгі күні өте өзекті, өйткені барлығымыз біріге отырып Қазақстанның гүлденуіне және нығаюына үлес қосамыз.
Бүгін дауыс беру учаскелерінде жастардың белсенділігін көріп, бойымды ерекше мақтаныш сезімі кернеді. Адамдардың өз таңдауларына сенімді екенін және елдегі тұрақтылық пен бейбітшілік үшін азаматтық ұстанымдарын белсенді түрде білдіруге дайын екенін көру қуантады. Бұл олардың өз еліне, туған жеріне бейжай қарамайтынын білдіреді.
Әрқайсымыздың пікіріміз маңызды. Сондықтан мен өз дауысымды беруді азаматтық борышым деп санаймын. Бұл дауыс бүгінгі күнге ғана емес, балаларымыз бен немерелеріміздің болашағына да әсер етуі мүмкін, — деп атап өтті Гүлнара Жошыбаева.




