Жамбыл ауданына қарасты Мыңбаев ауылдық округінің тұрғыны, үшемді дүниеге әкелген көпбалалы ата-анасы Жарқын Бағлаев пен Шолпан Мамашева республикалық референдумға қатысып, өз таңдауын жасады.
Көпбалалы ана тәуелсіздіктің құрдасы, яғни 1991 жылы Түркістан облысы Сарыағаш ауданында дүниеге келген. Ол 2021 жылдың шілде айында Алматы қаласынан Мыңбаев ауылдық округіне қоныс аударған. Қазіргі таңда отбасы «Айдын Нұры» қайырымдылық қоры сатып алып берген төрт бөлмелі үйде тұрып жатыр. 2024 жылы Шолпан үшем дүниеге әкеліп, көпбалалы аналар қатарын толықтырған болатын. Жұбайы Жарқын Бағлаевпен бірге сегіз бала тәрбиелеп өсіріп отыр.
Көпбалалы отбасы иелері бүгінгі саяси науқанға белсенді қатысып, өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдірді. Бүгін Жарқын Ақылбекұлы мен Шолпан Бегалиқызы Мыңбаев ауылы Жібек жолы көшесі, 13а мекенжайындағы №328 референдум учаскесіне барып, өз таңдауларын жасады.
– Біз көпбалалы отбасы ретінде балаларымыздың болашағы жарқын болғанын қалаймыз. Сондықтан ел тағдырына қатысты маңызды шешім қабылданатын референдумға қатысып, өз таңдауымызды жасадық, – дейді Шолпан Мамашева.
Ерлі-зайыпты Жарқын мен Шолпанның тұңғышы Ақнұр бір айдан соң 13 жасқа толады. Одан кейінгі Нұрислам мен Азамат та мектеп жасында, Берікбол мен Бейбарыс балабақшаға барады. Ал Темірлан, Гүлназ, Ділназ есімді үшемдері екі жастан асты.
Серік САТЫБАЛДИЕВ,
Жамбыл ауданы




