Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елдің жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі жалпыұлттық референдумға қатысты.
Дауыс беру Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында орналасқан №129 сайлау учаскесінде өтті.
Оқиғаның маңыздылығы туралы пікір білдірген Премьер-Министрдің орынбасары жаңа Конституцияны қабылдау елдің одан әрі дамуының маңызды кезеңі екенін атап өтті.
«Әрбір ұлт, әрбір мемлекет өзінің әрі қарай даму жолын іздейді. Қазақстан да бұл тұрғыда ерекшелік емес. Халықтық Конституцияны қабылдау әділетті әрі прогрессивті Қазақстан құруды көздейді. Қазақстандықтар дұрыс таңдау жасайды деп сенемін», – деді А. Балаева.
Сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министрі референдум күні қазақстандықтардың азаматтық белсенділігі жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, таңертеңнен бастап азаматтардың белсенді қатысуы байқалады. Бұл елімізде ашық қоғамның қалыптасып келе жатқанын, саяси мәдениеттің өскенін және азаматтардың мемлекет болашағына жауапкершілікпен қарайтынын көрсетеді.
«Таңертеңнен бастап біз ақпараттық кеңістікке мониторинг жүргізіп отырмыз. Қуантатыны – референдумға қатысуға халықтың жоғары белсенділігі байқалады. Қазақстанда жоғары саяси мәдениеті бар, азаматтық жауапкершілігі айқын ашық қоғам қалыптасқанын көріп отырмын. Еліміздің тағдырына бейжай қарамайтын, саналы жауапкершілік танытатын азаматтар бар. Бұл – мемлекет басшысының 2019 жылдан бері жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқан саяси реформаларының нақты нәтижесі деп ойлаймын», – деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Айта кетейік, дауыс беру үшін сайлау учаскелері Астана уақыты бойынша сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.




