ҚР Еңбек сіңірген әртісі Ұлжан Айнақұлова – өнерде де, өмірде де белсенді жан. Әр жылдары Алматы облысы, Жамбыл аудандық Мәдениет бөлімінде қызмет істеп, «Құлансаз» ансамблінде, Алматы облыстық филармониясының «Сазген саз» ансамблінде, «Адырна» фольклорлық ансамблінде әнші болған ол еліміз тәуелсіздік алғалы өтіп жатқан сайлау, референдум сияқты саяси науқанның бірде-бірінен шет қалған емес. Қазақстан Республикасының Негізгі заңында белгіленген құқықтарын толық пайдалана отырып, әрқашан өз пікірін білдіріп келеді.
– Бүгінгі референдумға да өз пікірімді білдіріп, дауыс беру үшін келдім. Өйткені, Жаңа Конституция еліміздің болашақ даму бағыттарын айқындайды. Менің ойымша, бұл өзін Қазақстан Республикасының азаматы санайтын кез келген азаматты бей-жай қалдырмауы керек. Тәуелсіз еліміз болашақта қалай дамиды, жеке адам, азаматтың құқықтары қалай қорғалады, осының бәрі Жаңа Конституция жобасында анық көрсетілген. Халық мемлекеттік биліктің негізі болғандықтан, бұған әрбір азамат өз көзқарасын саналы түрде білдіруі керек.
Жалпы, еліміздің әрбір тұрғыны белсенділік танытып, бүкіл қоғам болып жұмыла жұмыс істегенде, мейлі экономикалық, мейлі әлеуметтік, мейлі саяси болсын, барлық мәселеде жалпы жұртшылық болып шешім қабылдаған кезде ғана ол барынша дұрыс және мемлекет үшін тиімді болатыны сөзсіз. Сондықтан дауыс беру құқығы бар азаматтар мейлінше толық қатысып, белсенділік танытуы өзі үшін де, елі үшін өте маңызды. Өз басым солай ойлаймын, – дейді өнерпаз.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы




