Жас та болса, іскерлігімен, біліктілігімен көптің көшін бастап, туған жерінде ту тігіп, елдің алғысын арқалап жүрген ауыл әкімдерінің бірі – Жәнібек Айғожаев. Жәнібек – өзі туып өскен Қарадаладағы Қырғызсай ауылдық округінің әкімі. Бүгін Жәнібек те дауыс беру учаскесіне келіп, таңдау жасады. Ауылдық округтегі жұмыс барысы туралы бірнеше қойған едік.
– Ауылдық округте референдум қалай өтіп жатыр?
– Округ аумағындағы екі дауыс беру учаскесі де таңғы сағат жетіден бастап өз жұмысын бастады. Комиссия мүшелері де, бақылаушыларымыз да қызметтерін белсенділікпен атқаруда. Бүгінгі референдумның жауапкершілік жүгі ауыр екенін шын ниеттерімен сезініп отыр. Еліміздің болашағы үшін бұл күннің маңызды екенін жақсы біледі. №899 дауыс беру учаскесіне ең алғаш болып келген ақсақалдарымыз Көкен Салбыров пен Сауытбек Бопиевке шағын сыйлықтар да табыстадық. Дауыс берушілер үшін де барлық жағдай жасалған. Демек, комиссия мүшелері әр келген азаматқа түсіндіру жұмысын жүргізіп, бағыт-бағдар беруде. Өйткені бүгін әр тұрғынның дауысы маңызды.
– Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қандай мүмкіндіктер қарастырылған?
– Ауылда жалпы 54 мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Оның ішінде 10 тұрғын үйде дауыс берсе, қалған 44-і дауыс беру учаскесіне келіп, өз таңдауын жасамақ. Олар үшін комиссия мүшелері үйлеріне барып, бюллетендерге қол қойдырып, таңдауларын жасауға қолғабыс етеді. Ал учаскеге келушілер үшін барлық жағдай қарастырылған, ешқандай қиындық тудырмайды.
– Ал тұрғындардың белсенділігі қандай деңгейде?
– Шынын айтқанда ауыл тұрғындарының бүгінгі белсенділігі қуантып отыр. Әсіресе ауылымыздағы жастар референдумға жауапкершілікпен қарап, өз таңдауларын жасауда ерекше ықылас танытуда. Біздің жастар бүгінгі күндегі таңдау – болашақтарына бағдаршам екенін анық сезінгендей.
– Өзіңіз таңдау жасадыңыз ба?
– Әрине, осы елдің азаматы ретінде отбасыммен барлығымыз барып таңдауымызды жасадық. Өйткені әр азамат елдің экономикалық дамуы мен тұрақтылығына осы дауысы арқылы үлес қосады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Анар Дүйсенбайқызы
Ұйғыр ауданы




